
Руслан Берденов өзіне оқ атқан жағдайдан кейін саясатқа қайта оралуды әзірге жоспарлап отырған жоқ. Ол денсаулығы мен отбасына көңіл бөлуді ұйғарған. Бұл жайында Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров мәлім етті.
Денсаулығына, отбасына көңіл бөледі…
Қожаназаров Руслан Берденовтың Шымкент әкімінің орынбасары қызметінен өз еркімен кеткенін еске салды. Ал партияның тең төрағалығына қайтып келу, келмеуін уақыт көрсететінін айтады.
«Ол денсаулығына, отбасына көңіл бөлуді жөн көрді. Сондықтан емделіп шыққан соң өзі қайда және қашан оралатынын айтатын болады», — деді депутат.
Мәжілісменнің айтуынша, Берденов басқа біреуге орнын босатып беруді жөн санаған. Себебі, жұмысты жалғастыру қажет, өйткені мемлекеттік қызметте күнделікті мәселелерді дер кезінде шешіп отыруға тура келеді.
«Ол кісі 3-4 айдан бері ем қабылдап атыр, ал мемлекеттік қызметтегі мәселелер уақыты шешуді талап етеді, олар тоқтамайды. Берденов мырза елім деген шынайы азамат, сондықтан өз орынын еркін босатты», — деп түсіндірді ол.
Ақылды. Белсенді. Патриот…
Айта кетейік, Руслан Берденов туралы оң пікір білдірушілер көп. Мысалы, Respublica партиясындағы мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова оның жағдайына қатты алаңдағанын және үнемі қолдау білдіретінін айтты.
«Біз оны барынша қолдаймыз, әрдайым жанындамыз. Ол өте жақсы адам. Ақылды. Белсенді. Еліне шын берілген патриот. Ол ел үшін көп еңбек етті. Парламент қабырғасында қандай мәселелер көтергенін білесіздер. Бұл – лудоманиямен күрес, және бүгінде шешімін тауып жатқан көптеген өзекті тақырыптар», – деді Смолякова.
Еске салайық 2025 жылдың сәуірінде әкімдік маңында Берденовке оқ атылған болатын. «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің бұрынғы директоры Ернар Жиембай 9 жылға бас бостандығынан айырылды.