Жаңалықтар

1 қаңтардан бастап жол ережесіне қатысты айыппұлдар мен утильалым 10%-ға өседі

Жол ережесіне қатысты айыппұл мөлшері артады / Фото: kursiv.media архиві

Үкімет 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын әзірледі. Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 4325 теңге болып белгіленбек. Бұл 2025 жылғы көрсеткішпен (3932 теңге) салыстырғанда 10%-ға жоғары. АЕК мөлшерінің өсуі, соның ішінде, автокөлік жүргізушілері төлейтін барлық төлемдердің де пропорционалды түрде өсуіне алып келеді.

Жол ережесін бұзғаны үшін айыппұлдар өседі 

Мысалы, ең жиі кездесетін 5 АЕК көлеміндегі айыппұл — жылдамдықты 10–20 км/сағ-қа арттырғаны үшін, қауіпсіздік белдігін тақпағаны, шлемсіз жүргені немесе тоқтау мен тұрақ ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұл — 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 21 625 теңгеге дейін өседі (қазіргі уақытта — 19 660 теңге).

Бағдаршамның қызыл шамынан өтіп кету, жылдамдықты 20–40 км/сағ-қа арттыру, мүгедектерге арналған орындарға заңсыз көлік қою немесе жаяу жүргіншіні жолақта өткізбеу сынды ереже бұзушылыққа  салынатын 10 АЕК көлеміндегі айыппұл 2026 жылдан бастап 43 250 теңгеге дейін өседі (қазіргі– 39 320 теңге).

Ал көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның рөлге отыруы немесе жол-көлік оқиғасы орнынан кетіп қалу сияқты бұзушылықтарға тағайындалатын 50 АЕК айыппұл 196 600 теңгеден 216 250 теңгеге дейін артады.

 Утиль алым да қымбаттайды 

1 қаңтардан бастап утильалымның базалық мөлшерлемесі 50 АЕК-ке дейін өсіп, 196 600 теңгеден 216 250 теңгеге жетеді. Нәтижесінде: 

  • 1000 см³-қа дейінгі жеңіл көлік үшін ең төменгі төлем — 324 375 теңге болады, 
  • 1001–2000 см³ — 756 875 теңге, 
  • 2001–3000 см³ — 1 081 250 теңге, 
  • 3 литрден жоғары — 2 486 875 теңге. 

Электромобиль импорттаушылары үшін утильалым бұрынғыдай нөлдік мөлшерде қалады.

Автокөлікті тіркеу қымбаттайды

Автокөлікті бастапқы тіркеу үшін алынатын алымның ең төменгі мөлшері (0,25 АЕК) 983 теңгеден 1081,25 теңгеге дейін өседі. 3 жылға дейінгі көліктерді тіркеу үшін төленетін 50 АЕК, 196 600 теңгеден 216 250 теңгеге дейін көтеріледі. Ал жасы 3 жылдан асқан көліктерге арналған ең қымбат бастапқы тіркеу (500 АЕК) 1 966 000 теңгеден 2 162 500 теңгеге жетіп, шамамен 200 000 теңгеге артады.

Сақтандыру бағасы өзгереді

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандыру құны да өзгереді. Себебі базалық сақтандыру сыйақысы да АЕК-ке байланысты есептеледі (2025 жылы 1,9 АЕК — 7470,8 теңге). Сонымен қатар қаржы реттеушісі жүргізушілерді сақтандыру класы бойынша кейбір түзету коэффициенттерін қайта қарауды жоспарлап отыр. Бұл коэффициенттердің қандай болатыны әзірге белгісіз, бірақ сақтандыру полисінің құны міндетті түрде өзгереді.

Бұған дейін жолда айыппұл арқаламау үшін көлікте болуы тиіс құжаттар мен жабдықтар тізімі жайлы жазған едік.