Ауыр қылмыс үшін сотталған Жомарт Ертаев қалай рақымшылыққа ілікті

Алматы облысы соттары Жомарт Ертаев қалай рақымшылыққа ілінгенін түсіндірді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Алатау қалалық соты 2 қыркүйекте Жомарт Ертаевтың Конституцияның 30 жылдығына байланысты қабылданған рақымшылық актісін қолдану туралы өтінішін қараған.
Ертаев 2020 жылдың 16 қарашасында Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 228-бабы бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған.
2025 жылдың 2 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Жомарт Ертаев 8 жыл 3 ай 14 күн бас бостандығынан айыру жазасын өтеді. Ол 2018 жылдың 15 қарашасынан бастап қамауда болған, қамаудағы уақыты 1 күні 1,5 күн деп есептелген.
Өтелмеген жаза мерзімі – 11 ай 16 күн.
Сот қаулы шығарарда оның мінез-құлқын ескерген.
«Рақымшылық туралы» заңға сәйкес, ауыр және аса ауыр қылмыс үшін сотталғандардың өтелмеген жаза мерзімі бір жылдан аз болса және теріс мінез-құлқы тіркелмесе, жазаның өтелмеген бөлігінің мөлшері қысқартылады. Осылайша Ертаевтың өтініші қабылданды. Ол қамаудан босатылатын болды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Ертаевқа алғашқы сот үкімі 2020 жылы шықты. 2021 жылдың наурызында сот жазаны жеңілдетіп, 11 жылдың орнына 9 жыл жаза тағайындады.
2025 жылдың маусымында Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толуына орай сотталған 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Соған сәйкес қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босатылады:
- залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыстар жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдар.
- қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар;
- залал келтіруге әкеп соқпаған не оны толық өтеген немесе ол бойынша азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар.