Желіде Руслан Берденовтің Қытайда жүрген фотосы тарады

Әлеуметтік желіде Руслан Берденовтің Қытайда жүрген фотосы тарады. Фотоны кәсіпкер Сырымбек Тау жеке парақшасында бөліскен, алайда кейін өшіріп тастаған.
Желіде тараған фотода Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу де бар. «Ағамыздың қазақилығына, қарапайымдылығына риза болдық. Аман болыңыз. Beijing 02/09/2025» деп жазған Сырымбек Тау.
Кәсіпкер парақшасында тағы бір видеоны бөліскен. Ол жерде Қытайдың Бейжің қаласында Sandyq мейрамханасы ашылатыны айтылған.
«Sandyq мейрамханасын Бейжің қаласында ашып жатырмыз. Мемлекет басшының алдында Sandyq жобасын таныстырамыз» деген Нұржан Ниязалиев есімді азамат.
Айта кетейік, 2021 жылы Руслан Берденов серіктестерімен бірге бірнеше қалада «Sandyq» мейрамханасын ашқан.
Берденов қызметінен босатылды
2025 жылдың сәуірінде Шымкент қаласы әкімдігі маңында Берденовке оқ атылды. Оқиғаға кінәлі «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы директоры Ернар Жиембай 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Берденов денсаулығына байланысты сотқа қатыспады. Тек сот тергеуі аяқталар тұста онлайн жауап беріп, «бұл маған атылған оқ емес, әрбір мемлекеттік қызметкерге атылған оқ» деп айтты.
Тамызда Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметінен өз еркімен босатылды.
Ал қыркүйектің басында мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Берденовтің саясатқа қайта оралу туралы жоспары жоқ екенін жеткізді. Ол денсаулығы мен отбасына көңіл бөлуді ұйғарған.