Бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановқа шыққан үкім өзгеріссіз қалды

Үш жылға сотталған бұрынғы мәдениет вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен кәсіпкер Ләззат Көккөзоваға шыққан үкім өзгеріссіз қалды.
Қылмыстық істі апелляциялық сатыда судья Жарас Арыстанбеков, Әлихан Қасенов, Нұрлан Баяхметов қарады.
«Сот алқасы апелляциялық шағымды зерттеп, тараптардың пікірін тыңдап, қылмыстық іс материалдарын қарап, Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылдың 19 мамырдағы Ерлан Қожағапанов пен Ләззат Көккөзоваға шыққан үкімін өзгеріссіз қалдыру туралы қаулы етті», – деді судья Жарас Арыстанбеков.
Сот актісі заңды күшіне енді.
Бұған дейін прокурор Ақтөре Беріков Қожағапановқа бірінші сатыда тағайындалған жазаның аз екенін айтып, Қожағапановты үш жылдың орнына 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сот үкімі
2025 жылдың мамырында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы шығарған үкімге сәйкес, Ерлан Қожағапанов Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол өмір бойы мемлекеттік қызмет атқара алмайды.
Қылмыстық істегі екінші сотталушы «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.