Әлемде 1 миллиардтан астам адамның психикасы бұзылған

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1 миллиардтан астам адам психикалық денсаулықтағы бұзылыстармен, үрейлі жағдаймен, депрессиямен және басқа да психикалық дисфункциялармен өмір сүріп жатқаны жөнінде ақпарат жариялады.
Ұйым бұл жағдай адамдарға да, экономикаға да орасан зор зиян келтіретініне назар аударған.
ДДСҰ дерегінше, үрейлі бұзылыстар мен депрессия сияқты психоэмоциялық сырқаттар жасына не табыс деңгейіне қарамастан, барлық елде және барлық топта кең таралған.
«Олар тұрақты мүгедектіктің екінші себебі және өмірдің сау жылдарын азайтатын маңызды фактор болып саналады. Мұндай сырқаттар жеке адамдар мен отбасылардың медициналық шығындарын көбейтеді және әлемдік экономикаға үлкен залал келтіреді», – делінген ұйым хабарламасында.
ДДСҰ мұндай тұжырымға қос бірдей баяндамаға сүйеніп келген. «Қазіргі әлемдегі психикалық денсаулық» баяндамасында психикалық бұзылыстардың таралуы жынысқа байланысты әртүрлі екені, бірақ әйелдерде жиірек кездесетіні айтылады. Ерлер мен әйелдердің екеуінде де үрейлі және депрессивті бұзылыстар көп таралған.
Психикалық бұзылыстар экономикаға да зор шығын әкеледі. Медициналық көмектің шығындары өте жоғары, бірақ еңбек өнімділігінің төмендеуімен байланысты жанама шығындар бұдан да көп. Жыл сайын тек депрессия мен үрейлі бұзылыстардың өзінен әлемдік экономика 1 трлн АҚШ долларынан айырылады.
«Деректер тұрақты қаржыландыруды, нақты басымдықтарды таңдауды және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді, психиатриялық көмектің қолжетімділігін арттыруды, стигматизацияны азайтуды және психикалық бұзылыстардың себептеріне қарсы әрекет етуді талап етеді», – делінген баяндамада.
ДДСҰ ел үкіметтері және халықаралық серіктестерді бүкіл әлемде психиатриялық көмек жүйесін құрылымдық тұрғыдан жедел реформалауға шақырады. Бұл күш-жігер төмендегідей қадамдарды қамтуға тиіс:
- психиатриялық қызметтерді теңгерімді қаржыландыру;
- адам құқықтарын қорғауға бағытталған заңнаманы және саясатты реформалау;
- кадрлық әлеуетті дамытуға тұрақты инвестиция салу;
- науқастарға жақын жерде көрсетілетін, пациентке бағытталған көмекті кеңінен енгізу.
Бұған дейін, Kursiv.Media «жын кіру – миф пе, әлде шизофрения ма» деген тақырыптта ізденіп көрген.