Той үстінде бұрынғы қайын атасынан зәбір көрген әнші үндеу жасады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Той үстінде бұрынғы қайын атасынан зәбір көрген әнші үндеу жасады
Той үстінде бұрынғы қайын атасынан зәбір көрген әнші үндеу жасады / фото: видео кадры

Тойда ән айтып тұрған кезінде бұрынғы күйеуінің әкесінің тарапынан шабуылға ұшыраған әнші Азода Толаевна желіде экс-қайын атасын тезірек қамауға алуды сұрап үндеу жасады.

Әншінің сөзінше, оқиға 31 тамыз күні Леңгір қаласындағы тойханалардың бірінде болған. Ән айтып тұрған кезінде бұрынғы күйеуінің әкесі мас күйінде елдің көзінше соққыға жыққан.

Жәбірленушінің сөзінше, оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторы жұмысына немқұрайлы қарап, өз міндетін тиісті дәрежеде атқармаған.

«Учаскелік полиция инспекторлары мені сот медициналық сараптамадан өткізбеді, уақытты созды, мендегі қызарған ісінулер кетіп қалуын күтті, «өзіміз шақырамыз экспертизаға» деді. «Оған дейін көгеру мен ісінгендер кетіп қалса ше» дегенімде «фотоға түсіріп алыңыз» деді, бірақ заң бойынша ол фото жарамайды», – дейді әнші.

Азода полиция қызметкері өзін кешірім беруге үгіттегенін, сағызша созылатын істе татуласа салу ең дұрыс амал екеніне көндіруге тырысқанын айтады.

«Учасковой менің осы жұмысымды әдейі көп уақытқа созылатын жұмыс ретінде маған қиындатып көрсетті, «кешірім беріп жіберсеңіз жақсы» дегенге келтіріп айтты. «Қазір заявления жазсаңыз мен сізді қашан шақырамын келу керексіз, отказ қабылданбайды, бұл іс 1-1 жарым айда толық іске қосылады, оған дейін мен сізді мұнда 10-15 рет шақыртамын» деді. «Мейлі келемін, кешірім жоқ, заң жүзінде жауап берсе болды» дедім» деген ол істі ақырына дейін жеткізуге бекініп отыр.

Әнші жалғызбасты ана екенін атап өтіп, қоғамдық тәртіпті құрметтемей, өзін жұрттың алдында ұрып-соғып, абыройын шашқаны үшін экс-қайын атасы заң жүзінде жауап бергенін қалайды.

«Оқиға орын алған күні норкологиялық куәландырудан өткізбеген. Ішкен адамды экспертиза жасап, оны қамауға алу керек еді, бірақ мені ұрған адам әлі де неге бостандықта шалқып жүр. Тез арада қамауға алуларыңызды сұраймын», – дейді ол.

Азода Толаевна алған соққының салдарынан басы әліге дейін ауырып, жұмысқа шыға алмай отырғанын жеткізіп, осындай күйге ұшыратқан ер адамды заң шеңберінде жазалауды өтінеді.

Бұған дейін, Түркістан облыстық Полиция департаменті аталған фактіге қатысты ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғағанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз