Депутат әлеуметтік қызметкерлердің айлығын көтеруді ұсынды

Депутат Нартай Сәрсенғалиев әлеуметті қызметкерлердің айлығы шайлығына жетпей отырғанын айтып, премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа депутаттық сауал жолдады.
Депутат алғысқа бармай-ақ Астанадағы ахуалды мысал еткенді жөн көрген.
Оның сөзінше, елде ерекше балалармен жұмыс істейтін, оларды емдейтін, жаттықтыратын, күн сайын жүздеген баланы арнайы мекемеде, кейбірін үйіне барып оқытатын мыңдаған маман бар. Олар әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейді.
«Бірақ ерекше баланы қатарға қосу үшін жанын салатын қызметкерлерге ерекше жағдай жасап, жұмыскерлерді жоғары жалақы алатындардың қатарына қосу қиямет-қайым қазір», – дейді ол.
Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, айлықтың аздығынан салаға маман тұрақтамайды. Елордадағы бір орталық қызметкерлері 180 мың теңге еңбекақы алса, біреуінде тіпті 110 мың теңгемен жан бағады.
Осыны айтқан депутат төмендегідей ұсыныстардын жеткізді:
- Үкіметтің 1193 бұйрығын өзгертіп “Күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкерлердің, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттардың, орта медицина қызметкерлерінің (ЕДШ нұсқаушысы, массажист) (жалпы әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің) жалақысын көтеру керек;
- Әлеуметтік саладағы мамандарға 18 күнтізбелік күнге дейін (барлығы 48 күнтізбелік күн) қосымша демалыс енгізу қажет;
- Денсаулық сақтау және әлеуметтік салада қызмет ететін педагогтарды білім беру жүйесіндегі педагогтармен теңестіру керек;
- Үй жағдайында қызмет ететін күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкерлер, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттар мен бөлім меңгерушілеріне жұмыс уақытын аптасына 30 сағаттан аспайтындай етіп бекіту қажет;
- Әлеуметтік қызметкерлер мен азаматтық қызметшілер үшін: төмен пайыздық мөлшерлемемен, бастапқы жарнасы төмен жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды әзірлеп енгізу керек;
- Әлеуметтік қызметкерлерді жалға берілетін тұрғын үйді алатындар тізіміне қосу қажет;
- Әлеуметтік сала мен азаматтық қызмет саласы қызметкерлерін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу үшін басым санаттарға енгізу керек.
Бұған дейін, құтқарушылардың жалақысы 70%-ға, мемлекеттік орман күзеті қызметінде істейтін жұмысшылар айлығы 100%-ға, балабақша тәрбиешілерінің табысы 30%-ға артатынын жазғанбыз. Алайда бұл тізімде әлеуметтік қызметкерлер жоқ.