Енді дипломаттарды даярлау күрт азаяды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Енді дипломаттарды даярлау күрт азаяды
Енді дипломаттарды даярлау күрт азаяды / фото: shutterstock

Елдегі көптеген университеттерден «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша студенттерді дайындауға берілген лицензияларды қайтарып алу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Informburo.kz порталына мәлімдеген.

Министрдің айтуынша, соңғы 10 жылда елде инженерлік-техникалық мамандықтарға басымдық беріліп келеді. Гранттардың шамамен 60%-ы осы бағыттарға бөлінеді. Дегенмен «Халықаралық қатынастар және дипломатия», «Халықаралық құқық», «Аударма ісі» сияқты гуманитарлық мамандықтарға сұраныс әлі де жоғары.

«Бұл студенттер өз-өздерін жазалайды. Олар бәсекесі өте жоғары мамандықтарға құжат тапсырады, бірақ бұл салаларға қазір грант өте аз бөлінеді. Мен түсінемін, мысалы, «Халықаралық қатынастар» – беделді мамандық, бірақ жұмысқа орналасу – үлкен мәселе. Себебі Сыртқы істер министрлігі жылына бар болғаны оншақты, көп дегенде бірнеше ондаған адамды ғана жұмысқа алады. Сондықтан бұл мамандықтарға түсуге аса мән берудің қажеті жоқ», – деді Нұрбек Cardiff University Kazakhstan ашылуы аясындағы кулуарлық кездесуде.

Министрдің айтуынша, елде бұл мамандықтар бойынша лицензияларды қайтарып алу процесі басталған. Білімді алдағы уақытта бірнеше университетте ғана алуға болады.

«Сондықтан біз «Халықаралық қатынастар» бойынша лицензияларды қайтарып алу процесін бастаймыз. Ал «Халықаралық құқық» мамандығын тек ең мықты бірнеше университетте ғана қалдырамыз: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Maqsut Narikbayev University және ЕҰУ. Ал өңірлердегі шағын университеттерден бұл лицензияларды толық қайтарып аламыз», – деді ол.

Министр талапкерлерге еңбек нарығындағы сұранысты мұқият бақылап, инженерлік-техникалық мамандықтарға басымдық беруге кеңес берді.

Бұған дейін, айына миллионға жуық жалақы алатын мамандықтар туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз