Нұрғиса Тілендиевтің жаңғыртылған музейі жұмысын бастады

Алматыда Қала күні мерекесі мен Халық Қаһарманы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, дирижер әрі күйші Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай мемориалдық музейде жаңғыртылған экспозиция ашылды, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңартылған музейді Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, композитордың қызы дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева, сондай-ақ зиялы қауым мен мәдениет өкілдері аралап көрген. Қала басшысы музейдің жаңаруы мегаполистің мәдени өміріндегі маңызды оқиға болып отырғанын атап өтті.
1979-1998 жылдары композитор отбасымен тұрған бұл үй бүгінде мемориалдық музей ретінде жұмыс істейді. Мұнда қазақ музыкасының озық туындылары дүниеге келген, шығармашылық кездесулер мен репетициялар өткен сол кезеңнің атмосферасы сақталған.
Жаңғыртудан кейін көрме залдарының аумағы 161 шаршы метрге дейін ұлғайтылған. Музейге заманауи мультимедиялық құрылғылармен жабдықталған екі жаңа зал қосылған. Сондай-ақ, бірегей қолжазбалар, архивтік суреттер мен композитордың жеке заттарынан тұратын сирек экспозиция ұсынылған.
Экспозициядағы ең құнды жәдігердің бірі 1934 жылы Ахмет Жұбанов сыйға тартқан аңызға айналған «Дариға-домбыра». Композитордың жары Дариға Тілендиеваның есімімен аталған қасиетті домбыра оның шығармашылық шабыт нышанына айналған. Сондай-ақ, музейде композитордың анасы сыйлаған фортепиано да сақталған.
Бұған дейін Алматы қаласы музейлер бірлестігі Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде ұлы қазақ композиторының мұрасына арналған мерейтойлық көрме өткізген болатын. Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның мерейтойлық даталар тізіміне енгізіліп, қазақ музыкасы данышпанының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі халықаралық деңгейде мойындалған.
Бұған дейін, Қастеев музейі желтоқсанға дейін жабық болатынын хабарлағанбыз.