АҚШ пен Еуропаға виза жасатып берем деп 60 адамды алдаған алаяқ ұсталды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
60 адамды алдаған алаяқ ұсталды/Коллаж: kursiv.mediа, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ пен Еуропаға виза жасатып берем деп 330 млн теңгеге алдаған алаяқ ұсталды. Алаяқтың әрекетінен 60 шақты адам зардап шеккен. Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасы хабарлады.

Алматыда 60-тан астам адамды алдап, визаны рәсімдеп беремін деп уәде еткен әйел ұсталды. Оның әрекетінен келтірілген шығын 330 млн теңгеден асты.

Тергеу мәліметінше, күдікті ұзақ және қысқа мерзімді виза рәсімдеймін деп уәде беріп, азаматтарды сеніміне кірген. Қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін ол жәбірленушілермен жалған қарыз шарттарын жасаған және әрекетін азаматтық-құқықтық қатынас ретінде көрсетпек болған.

Қазір күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Оның іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі 4-бөлімі бойынша сараланып отыр.

Барлық жәбірленуші анықталып жатыр, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Прокуратура алаяқтық үшін мүлкі тәркілене отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.

Бұған дейін прокуратура аса ірі көлемде аялақтық жасап, шетелге қашып кеткен қазақстандық Грузияда ұсталғанын хабарлады.

Сонымен қатар Ақмола облысында ұйымдасқан қылмыстық топ 348 азаматтың атынана жалған несие алған. Қылмыстық топ құрамында ірі банктердің өкілдері болған.

Сондай-ақ оқыңыз