Ақша айырбастау пункттеріне қойылатын талаптар қатаңдайды

Ұлттық банк айырбастау пункттеріне қойылатын ішкі бақылау талаптарын күшейтеді. Тиісті қаулы туралы қысқаша ақпарат «Ашық НҚА» порталында жарияланғанымен, толық мәліметтер ашық жазылмаған. Құжат 2025 жылдың IV тоқсанында күшіне енеді деп жоспарланып отыр.
Қаулыға сәйкес, ақша айырбастайтын клиенттердің жеке басына анықтау ережелері қатаңдатылады, олар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы заңға сәйкестендірілмек.
Одан бөлек, Оффшорлық аймақтардың тізімі нақтыланады. Сонымен қатар алтын құймалары бойынша операция жүргізгенде клиенттерді тексеруге жаңа талаптар енгізіледі.
2025 жылғы 9 қыркүйектен бастап айырбастау пункттеріне сыртқы таблоға валюта бағамдарын жазуға тыйым салынады. Бағамдар айырбастау пункттерінің ішінде көрсетіледі.
Ал шілде айында айырбастау пункттеріндегі рубльдің нетто-сатылымы 53,2 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш жеті ай қатарынан өсіп, жыл басынан бері 5,6 есеге артқан.