Халықаралық валюта резервіндегі доллардың үлесі азайып келеді

2000 жылдан бері әлемдік орталық банктердің шетел валютасындағы резерв құрылымында АҚШ долларының үлесі біртіндеп азайып келеді. ING компаниясының ТМД бойынша бас экономисі Дмитрий Долгин ITS IDEAS 2025 конференциясы барысында ұсынған деректерге сүйенсек, соңғы жиырма бес жылда доллардың үлесі шамамен 13 пайыздық тармаққа азайған. Бұл үрдіс дедолларизация деп аталады және ол дамыған елдердің валюталары мен басқа да резервтік құралдарға қарай әртараптандырылып жатқанын білдіреді.
Доллар үлесінің динамикасы
2000 жылы әлемдік валюта резервтерінің 70,3%-ы долларда сақталса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 67,3%, ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 56,9%-ға дейін төмендеген. 2025 жылдың бірінші тоқсанында көрсеткіш сәл өсіп, 57,7%-ды құрады. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, бұл уақытша құбылыс, ал ұзақ мерзімде төмендеу үрдісі сақталады.
АҚШ долларымен деноминирленген резервтердің абсолюттік көлемі 2000 жылғы 1,1 трлн доллардан 2021 жылы 7 трлн долларға дейін өскен. Бірақ кейінгі жылдары шамамен 6,5–6,7 трлн доллар деңгейінде тұрақтап отыр.
Өзге валюталар күшейіп келеді
2000 жылдан бері әлемдік валюта резервінде бірқатар валюталардың үлесі артты:
- Британ фунты (GBP) – +2,8 п.т.
- Канадалық доллар (CAD) – +2,6 п.т.
- Қытай юані (CNY) – +2,1 п.т.
- Австралия доллары (AUD) – +2,0 п.т.
- Жапон иенасы (JPY) – +0,6 п.т.
- Швейцария франкі (CHF) – +0,3 п.т.
Ал еуроның үлесі керісінше, 0,7 п.т.-ға төмендеді. Ең үлкен өсім «басқа валюталар» үлесіне тиесілі: +3,4 п.т. Бұл орталық банктердің резервтерін әртараптандыруға ұмтылып отырғанын көрсетеді.
Дедолларизацияның себебі қандай
Дмитрий Долгин доллар үлесінің төмендеуіне ықпал ететін бірнеше факторды атады. Олар:
- АҚШ-тағы қаржылық тәуекелдер және мемлекеттік қарызға қатысты алаңдаушылық;
- Протекционистік экономикалық саясат, соның ішінде АҚШ-тың ірі валюталық резерв иелеріне (мысалы, Қытай немесе Ресей) қысым көрсетуі;
- Әлемдік қаржы архитектурасында жаңа резервтік валюталарға деген сұраныстың артуы.
Шектеулер де бар
Сонымен қатар дедолларизацияны тежейтін жағдайлар да сақталуда. Әлемдік резервтердің шамамен 30%-ын «кіші» елдер ұстайды. Олар өтімділікті сақтау үшін доллардың жоғары үлесін сақтауға мәжбүр. Сондай-ақ мұнай экспорттаушы мемлекеттер де дәстүрлі түрде долларды қолдауды жалғастырып келеді.
Десе де, доллардың әлемдік резервтердегі үлесі едәуір төмендегенімен, ол әлі де негізгі валюта болып қала береді. Өйткені доллардың орнын бірден басатын валюта әзірге жоқ. Бірақ фунт, канадалық доллар, юань және басқа да валюталардың рөлі артып келеді. ING сарапшысының бағалауы бойынша, ұзақ мерзімді болашақта дедолларизация жалғасады.