ITS алаңында үнді бағалы қағаздары саудаланбақ

ITS халықаралық сауда алаңы 2025 жылдың соңына дейін инвесторларға Үндістанның бағалы қағаздарымен сауда жасау мүмкіндігін беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы ITS директорлар кеңесінің мүшесі Роман Горюнов «ITS Ideas 2025: Жаһандық нарықтағы инвестициялық мүмкіндіктер мен сын-қатерлер» конференциясында мәлімдеді.
Горюновтың айтуынша, үнді қаржы нарығы өте жабық, халықаралық қатысушыларға кіруге болатын тәсілдер аз.
«Біздің аймақта алғаш рет үнді нарығына қол жеткізу мүмкіндігі ұсынылмақ», – деді ол.
Жоспарға сәйкес, инвесторлар үнді нарығына single-stock ETF арқылы шықпақ. Бұл – жекелеген акциялардың қозғалысын қадағалап, соған сәйкес табыс табуға мүмкіндік беретін қорлар.
Конференция аясында үнді нарығының инвестициялық әлеуетін Alpha Alternatives инвестициялық компаниясының басшысы Прашант Котари таныстырмақ.
Сонымен бірге, ITS жақын күндері АҚШ биржасында листингтен өткен акцияларға арналған single-stock ETF саудасын бастауды да жоспарлап отыр.
Одан бөлек, «Зерокодер» мектебінің негізін қалаушы және бас директоры Кирилл Пшинник инвестиция жасау барысында жасанды интеллект мүмкіндігін қалай қолдану керек екенін түсіндірген.