Депутат Абзал Құспан футболдағы келісілген матчтар мәселесін көтерді

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа Қазақстан футболындағы келісілген матчтар фактілерін тергеу туралы депутаттық сауал жолдады. Депутат құқық қорғау органдарын тарта отырып, бұл мәселені жан-жақты зерттеуді ұйымдастыруды сұрады.
Құспанның мәліметінше, халықаралық Sportradar компаниясының 2022 жылғы деректері бойынша Қазақстан келісілген матчтар саны бойынша әлемде 4-ші орынға ие болған.
«Бұл Қазақстан футболындағы адал емес ойындардың жаппай сипатқа ие екенін және ресми расталғанын көрсетеді», — деп атап өтті депутат.
Қазақстан Футбол Федерациясының президенті Марат Омаровтың мәселенің бар екенін мойындағанына қарамастан, оны шешу үшін ешқандай шешім қабылданбағанын атап өтті. Сонымен қатар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ букмекерлік кеңселердің кейбір матчтарды желіден алып тастағанын тіркеген, бірақ мұндай фактілер тергеусіз қалып отыр.
Құспан халықаралық тәжірибе мысалдарын келтірді. Мысалы, Германияда 2005 жылы төреші Роберт Хойзер келісілген матчтар үшін 2 жыл 5 айға бас бостандығынан айырылса, Оңтүстік Кореяда 2011 жылы 57 ойыншы жазаланды. Италияда 2015 жылы клуб президенті Антонио Пульвиренти жауапқа тартылып, клуб еурокубоктардан шеттетілді. Қытайда 2013 жылы жоғары лауазымды футбол шенеуніктері мен халықаралық төрешілер 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, Вьетнамда 2005 жылы ұлттық құрама ойыншылары 3-4 жылға сотталған.
Депутаттың айтуынша, мәселе тек спортпен шектелмейді. Құқық қорғау органдарының назары негізінен мемлекеттік органдардағы заң бұзушылықтарға аударылғанымен, квазимемлекеттік секторда, коммерциялық және үкіметтік емес ұйымдарда миллиондаған және миллиардтаған теңгеге қаржылық алаяқтық орын алуда.
Құспан Қазақстан футболын адал ойын рухына қайтару және спорттағы заң бұзушылықтарға қарсы күресті күшейту үшін тиісті шаралар қабылдауды талап етті.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Жетісу» футбол клубының директоры ақша жымқырғаны үшін сотталған еді.