Тоқаев Қытайдағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа қатысты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Тоқаев Қытайда әскери парадқа қатысты / фото: reuters

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің және жапон басқыншылығына қарсы күрестің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған әскери парадты тамашалау үшін Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңына барды.

Әскери парадқа жалпы 26-дан астам мемлекеттің басшылары жиналды. Бұл шара Жапонияның капитуляциясына және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 80 жыл толуына арналды.

Іс-шара барысында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин сөз сөйлеп, әлемдік қауымдастыққа маңызды үндеу жасады.

«Адамзат тағы да бейбітшілік пен соғыстың, диалог пен қақтығыстың, өзара тиімді нәтижелер мен нөлдік сомалы ойынның арасында таңдау жасау алдында тұр», – деді Қытай басшысы.

Сонымен қатар «Қытай ұлтының қайта жаңғыруын ешкім тоқтата алмайды» деп атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттер соғыстың қайталанбауы үшін тарихи сабақтарды ұмытпай, түпкі себептерді жоюға күш салуы керек.

Әскери парад Қытайдың ауқымды әскери қуатын көрсетумен қатар, бейбітшілікті сақтау мен ынтымақтастықты нығайтуға арналған символдық шара ретінде өтті.

Еске сала кетейік, Тоқаев бұған дейін Қытайдағы қазақ тілін үйреніп жүрген балалармен кездескен еді.

Сондай-ақ оқыңыз