6 баланы басып кеткен эпилепсиясы бар жүргізушіге куәлікті кім бергені тексеріледі

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
водитель
Абай облысында 6 баланы басып кеткен жүргізушіге куәлікті кім бергені тексеріледі / Фото: shutterstock

Абай облысының Бестерек ауылында 6 баланы басып кеткен адамға жүргізуші куәлігін бергендер жауапқа тартылады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрі Ержан Саденов айтты.

«Эпилепсия дерті бар адам баланы қағып кетті. Ондай адамға куәлікті кім және неге беріп отыр?»,- деп сұрады журналист.

Саденов бұл қайғылы оқиға бойынша тергеу әлі жүріп жатқанын, бұл оқиғаға қатысы бар адамдардың барлығы тексерілетінін жеткізді.

«Бұл жерде адам өмірі, оның ішінде бүлдіршіндер өмірі қиылды. Қазір іс қозғалды. Кінәлі адам қамауға алынды. Әлеуметтік желіде «ол адам осындай екен», «мұндай екен» деген ақпараттар айтылып жатыр. Біз нақты тексеріс жүргіземіз. Барлық мән-жайларды анықтаймыз. Оған куәлікті кім бергенін табамыз. 2000 жылы алынған болса, оның мерзімі өткен. Қайта тапсырған кезде қандай құжаттар тапсырды, сондағы медкартаға дейін тексереміз. Ешкім жауапкершіліктен құтылмайды», – деді министр.

Еске сала кетсек, 19 тамыз күні, сағат 16.00 шамасында Абай облысы Үржар ауданы Бестерек ауылында көлік жүргізушісі үй маңында ойнап жүрген бір топ баланы қағып кетті. Салдарынан екі бала оқиға орнында тіл тартпай кетсе, енді бірі ауруханаға барар жолда қайтыс болған.

Сондай-ақ оқыңыз