Астанада жұмыс кестесі өзгереді: қандай қызметкерлер жұмысын ерте бастайды?

Астана қаласында 15 қыркүйектен бастап жұмыс уақыты өзгереді. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлады.
«Астанада бірнеше ұйым 15 қыркүйектен бастап жаңа жұмыс кестесі бойынша жұмыс істейді. Бұл шешім жолдарда кептелісті азайту мақсатында қабылданып отыр», – делінген баспасөз хабарламасында.
Кімдер жаңа жұмыс тәртібіне ауысады?
Бұл өзгерістер негізінен қала орталығында орналасқан коммуналдық қызметтерде жұмыс істейтіндерге, әкімдік пен мемлекеттік органдарға және жартылай мемлекеттік компанияларға әсер етеді.
Жаңа жұмыс уақыты нешеде басталады?
Мына мекемелер жұмысы таңғы 7:30-дан басталады:
- Қалалық коммуналдық қызметтер;
- Астана әкімдігі;
- Мемлекеттік және жартылай мемлекеттік ұйымдар. Бұл компаниялар жұмысын 7:30-да немесе 8-де бастай алады.
Жұмыс уақыты да сәйкесінше ерте аяқталады.
Қандай мекемелердің жұмыс кестесі өзгермейді?
Әкімдіктің мәліметінше, жеке сектордың, бизнес нысандарының, мектептер мен балабақшалардың, ауруханалар мен емханалардың, ХҚО және басқа әлеуметтік мекемелердің кестесі бұрынғы уақытында қалады.
Еске сала кетсек, маусым айының ортасында Алматы облысының мемлекеттік қызметкерлерінің жұмыс кестесі өзгерген болатын. Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Кеген, Райымбек, Талғар, Ұйғыр аудандары, Қонаев және Алатау қалаларының мемлекеттік қызметкерлері жұмыстарын 8-ден бастайтыны хабарланған еді.