Сайлау туралы Конституциялық заң тағы өзгереді
Жарияланды

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға өзгеріс енгізіледі. Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Мәжіліс қарауына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы ұсынылды. Бұл жоба алдағы уақытта парламент қабырғасында талқыға түседі.
Заң жобасы мынадай өзгерістерді көздейді:
- Мәжіліс депутаттығына 1 кандидатты 1 сайлау округінен артық сайлау округінде ұсынуға тыйым салуды;
- бір адамды бір мезгілде маслихаттың бір мандаттық округтері бойынша ұсынуға да тыйым салуды;
- әкімге кандидаттың сайлау қорын құру;
- президенттікке, әкімге, депутаттыққа, сайлау комиссия мүшесіне кандидаттарға ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша соттылығының болмауы бойынша да талаптарды күшейту және т.б. мәселелерді реттеуді көздейді.
«Конституциялық заң жобасының мақсаты – сайлау өткізу рәсімдерін жетілдіруге және сайлау заңнамасының нормаларын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуге бағытталған», – деді Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежана Имашева.