Балабақша, мектеп, колледждерде қандай маңызды өзгеріс болады?

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Жаңа өзгеріс балабақша, мектеп, колледждерді де қамтиды / фото: ИИ
Жаңа өзгеріс балабақша, мектеп, колледждерді де қамтиды / фото: ИИ

Балабақша, мектеп, колледждерде елеулі маңызды өзгеріс жасалмақ. Білім саласында әр бала үшін заманауи сатылы даму қарастырылмақ.  

Бұл жайт Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2024-2025 оқу жылының қорытындысы мен жаңа 2025–2026 оқу жылына қойылған міндеттерінде баяндалған.

Мектептердегі буллингтерге тосқауыл қойылмақ. Колледж түлектеріне елде ғана емес, қолындағы дипломымен шетелде де жұмыс табуға мүмкіндік ашылмақ.

Балабақша

Соңғы жылдары бір үрдіс анық байқалып отыр. Балабақшалар бүкіл қазақстандықтарды қазақ тілінде сөйлететін бірден-бір мекемеге айналып келеді. Осы уақытқа дейін 135 балабақшада 7 мыңнан астам бала мемлекеттік тілді меңгеріп шыққан.

Соңғы екі жылда балабақша кезегі үш есеге қысқарды. Тек осы жылы ғана 179 жаңа мектепке дейінгі ұйым ашылған. Соңғы алты жылда балабақшалардың саны 1600-ге артып отыр. 260 мемлекеттік балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы күшейтілген. Бұл бүлдіршіндердің балабақша баспалдағынан өтіп, мектеп табалдырығынан аттауға әзірлігін арттырады.

Мектеп

 «Келешек мектептері» ауыл мен қала мектептері арасындағы білім алшақтығын жояды деген үміт бар. Әлемде баламасы жоқ бастама екені де рас.  

Бұл мектептер тек білім ғана беріп қоймай, еңбекқор, ар-ұжданды алға қоятын, әділеттілікке баулитын тәрбие ошағы болмақ. Адамгершілік, ұлттық құндылық негізіндегі «Адал азамат» тұжырымдамасына арқа сүйейді.

Мектептерде кәсіпке баулу мәселесі қолға алынады. Балаға бағдар береді. Жобаның артықшылығы – осында. Оқушыларды мамандыққа ерте бейімдеу ләзім. Осы мақсатта бастауыш сыныптардан бастап түрлі маман иелерімен кездесулер, жобалық апталар ұйымдастырылады.

«Мансап компасы» атты цифрлық платформа

7-сыныптан бастап бейіндік бағытты тереңдету, тәлімгерлік жүйесі және жеке оқу курстары енгізіледі. Арнайы «Мансап компасы» атты цифрлық платформа әзірлену үстінде. Ол оқушыларға болашақ білім бағытын және кәсібін саналы түрде таңдауға көмектеседі.

Сондай-ақ жоғары сынып оқушыларына жұмысшы біліктілігін беру жөніндегі пилоттық жоба іске асырылмақ. Енді 11-сынып түлектері аттестатпен бірге орта техникалық білім туралы диплом да алады.

Мұғалімдер үшін жағымды жаңалық

Педагогтердің кәсіби біліктілігінің артуына жүйе жағдай жасалып отыр.  Курстарының саны 2 есеге артқан. «Ұстаз» цифрлық аттестация жүйесі енгізіліп, қағазбастылық жойылды. Бұл – мұғалімдердің балалармен тікелей жұмыс істеуіне қол байлау жойылды деген сөз.

«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшы» жобасы басталды. 583 педагог президенттік кадр резерві енгізіліп отыр. Олардың 397-сі басқарушы лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалды.

Дарынды оқушылар қолдауға ие болады

2022 жылдан бастап білімді жеткіншектер химия (IChO), математика (IMO), физика (IPhO), биология (IBO), география (IGeO), лингвистика (IOL) және информатика (IOI) пәндері бойынша халықаралық зияткерлік олимпиадаларына қатысып жүр. Мемлекет дарынды оқушыларды қолдауға ерекше назар аудармақ.

Әлемнің ең ірі жеті халықаралық зияткерлік олимпиадасында жүлде алған оқушылар мен олардың педагогтеріне ақшалай сыйақы тағайындалды. Жоғарғы марапаттардың саны бүгінде екі есе артты.

Оқушыларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі

Биыл, яғни 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында тамақтандырудың жаңа стандарты қабылданып отыр. Бұл стандарт қазіргі заманғы халықаралық талаптарға сай келетін, балаларды қауіпсіз, сапалы және теңгерімді тағаммен қамтамасыз етуді көздейді.

Жаңа оқу жылы қарсаңында «Жалпыға бірдей білім беру» қоры арқылы ата-аналар мен заңды өкілдердің есепшоттарына мектеп формасы, аяқ киім мен керек-жарақтар сатып алу үшін 25,3 млрд теңге аударылды. 500 мыңнан астам балаға көмек көрсетілген. Биыл бір балаға арналған ең төменгі төлем мөлшері – 46 228 теңге.

Ұлттық тәрбие құндылықтары

Барлық мектепт үшін бірыңғай стандарт әзірленбек. Мектептердің ішкі және сыртқы келбеті ұлттық тәрбиелік құндылықтар мен төл мәдениетті дәріптеу мақсатында безендіріледі.

Бұрынғы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында алты ірі жоба іске асырылып отыр. «Қамқор» (экология және волонтерлік), «Еңбегі адал – жас өрен» (еңбекке мотивация және кәсіби бағдар), «Smart Bala» (IT және инновациялық ойлауды қолдау), «Шабыт» (өнер мен мәдениет арқылы рухани даму), «Ұшқыр ой алаңы» (дебаттар мен интеллектуалдық ойындар), «Балалар кітапханасы» (сауаттылық пен кітап оқу мәдениетін арттыру).

Ата-аналарды қолдау

Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары құрылды. Бұл орталықтар мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайтуы тиіс. Ата-аналардың тәрбие жұмыстарына назар аударуға ықпал етеді.

Инклюзивті білім

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды сүйемелдеудің жүйелі тәсілі бекітілді. Мектептердің үлгілік штаттарына арнайы педагогтің лауазымы қосылды. Ал тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды сүйемелдеу үшін жеке көмекші лауазымы енгізілді.

Аутизмі бар балаларды қолдау орталықтары мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдар тізбесіне енгізілді.

Балалар құқығын қорғау

Буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Әрине, бала тәрбиесіне ең алдымен, ата-ана жауапты. Сондықтан өзге оқушының мазасын қашыратын бұзықтардың ата-анасына айыппұл салынады.

Айыппұл көлемі – 10 АЕК. Бұл – шамамен 39 320 теңге.  Егер жағдай қайталанса, айыппұл арта бермек. 30 АЕК-ке, яғни 117 960 теңгеге дейін өседі.

Отандық «ДОСБОЛLiKe» атты антибуллингтік бағдарлама енгізіліп жатыр. «Кибер Тұмар» және «Ата-ана бақылауы» акциялары, «Менің бауырым» жобасы мұндай келеңсіздіктерге жол бермеуі тиіс.

Сондай-ақ «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам», «Буллингтен қорған!», «Қауіпсіз қоғам» жобалары жалғасып жатыр.

Колледждердің мүмкіндігі артады

Колледж студенттері мен оқытушылары үшін академиялық ұтқырлықтың жаңа ережелері бекітілді. Бұл – студенттердің елімізде ғана емес, шетелде де оқу алмасу бағдарламаларына қатысуына мүмкіндік береді.

Колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестік те нығайып келеді. Бұл – түлектердің тек қана дипломды құшақтап, жұмыс таба алмай сенделуіне жол бермейді. Өйткені бизнес қауымдастықпен бірлесіп 10 мыңнан астам білім беру бағдарламасы әзірленді.

Коллежд дипломы шетелде де жарамды болады

Қазақстан колледждерінде алғаш рет студенттердің халықаралық сертификаттауы басталды. Бұл қадам студенттерге өз дағдыларын халықаралық стандарттарға сай растауға, шетелдік жұмыс берушілер тарапынан мойындалуға, шетелде тағылымдамадан өтуге, еңбек нарығында бәсекелік артықшылық алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әлемнің 152 елінде жұмыс істеуге жол ашады. Оның ішінде АҚШ, Канада, Еуропа, Азия, Австралия және Таяу Шығыс елдері де бар.

Министрлік балабақша, мектеп, колледждерде осындай жағымды өзгеріс болады деп уәде беріп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз