Рамзан Қадыровтың анасы санкцияға ілікті

Рамзан Қадыровтың анасы жеке санкцияға ілікті. Ұлыбритания Ресейге қарсы санкциялар тізімін тағы 11 позицияға кеңейтті.
Репорт ақпаратына қарағанда, Ұлыбритания Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізді.
Рамзан Қадыровтың анасы не үшін айыпталды?
Тізімге Ахмат Қадыров қоры, Рамзан Қадыровтың анасы Аймани Қадырова және ресейлік мемлекеттік ұйымдар кірді.
«Ұлыбритания Украина балаларын мәжбүрлі түрде депортациялауға, идеологиялық ықпал етуге, милитаризациялауға және олардың мәдени мұрасын жоюға қатысы бар тұлғаларға қарсы санкциялар енгізеді» – делінген.
Жаңа пакет сегіз жеке тұлға мен үш заңды тұлғаны қамтиды.
Санкция тізімінде кімдер бар?
Бұдан бөлек, бұл тізімге «Жасөспірімдер бағдарламалары орталығының» жетекшісі Валерий Майоров, Ресей Білім министрлігі жанындағы мемлекеттік саясат департаменті басшысының орынбасары Анастасия Аккуратова, Татарстанның вице-премьері Лейла Фазлеева, Чечня ІІМ арнайы мақсаттағы полиция полкінің командирі Замид Чалаев, Татарстан жастар ісі жөніндегі министрі Ринат Садыков және Наталия Тищенко мен Александр Гуров та кірген.
«Ресей украин халқының мәдениетін жоймақ»
Сонымен қатар, жастардың «Волонтеры Победы» және «Движение первых» деген мемлекеттік ұйымдары да санкциялық тізімге енгізілді.
Ұлыбритания барлау деректеріне сүйене отырып, Ресей Украинаға қарсы ұзақмерзімді «орыстандыру саясатын» жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның мақсаты – украин халқының мәдениетін, ұлттық болмысын және мемлекеттік құрылымын жою.
БҰҰ есептерінде де Ресей уақытша басып алынған аумақтарда мектеп бағдарламасын өзгертіп, балаларды әскери қызметке дайындайтын жүйе енгізгені көрсетілген.
Рамзан Қадыровтың 80 туысы жоғары лауазымды қызметте отырғаны туралы BBC сараптамалық материал жариялаған еді.