Сайран көлін абаттандырушы компания «жосықсыз» деп танылды

Сайран көлін абаттандырушы павлодарлық компанияны «жосықсыз» деп танылды. Сот әкімдіктің талабын қанағаттандырды.
Алматы қаласының ауданаралық экономикалық сотында әкімдіктің компания үстінен түсірген талап-арызы қаралды.
Сайран жобасының құны
Сотта «Павлодарский речной порт» АҚ – жауапкер, ал талап арыз беруші «Алматы қаласының қоғамдық кеңістікті дамыту басқармасы» болып танылды.
Компания мен әкімдік Сайран су қоймасының аумағын абаттандыра отырып, жағалауды қорғайтын құрылысты реконструкциялауы тиіс болған. Арада келісімшарт жасалған. Жоба құны 12 028 015 889,37 теңге болып отыр.
Қаржы екі бөлініп төленген
Істің материалдарына қарағанда, қаржыландыру екі кезеңге бөлінген.
2023 жылға – 367 304 889,53 теңге, 2024 жылға 11 660 710 999,84 теңге аударылған.
Әкімдік компаниядан жұмысты уақтылы аяқтамағаны үшін тұрақсыздық айыбын талап етіп өндірген. Бұл жайт компанияны «жосықсыз» деп тануға негіз болған.
Сот әкімдіктің талабын қанағаттандырды
Басқарманың дерегінше, нысан пайдалануға берілмеген. Жұмыстар аяқталмаған. Бұл әртүрлі теріс салдарға әкелген. Сондықтан талап-арызды қанағаттандыруды сұрады
Жауапкерлер өкілдері болса, қанағаттандырмауды сұрады.
Сот әкімдіктің пайдасына шешім қабылдады.
Мұның алдында, Сайран көлі қауіпті су қоймасы тізіміне енгенін хабарлаған едік.