Ыстықкөл курорты Қазақстанның республикалық бюджеті есебінен жаңғыртылуы мүмкін

Қазақстан Ыстықкөлдегі курорттық аймақтарға меншік құқын реттемекші. Атап айтқанда, Қазақстан тарапы жалға алынған жерлерді инвесторлар көмегімен және ішінара республикалық бюджет есебінен дамытуды көздеп отыр. Бұл туралы Мәжілісте айтылды.
Мәжіліс депутаттары Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы келісімге өзгеріс енгізуге қатысты заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Құжат 2006 жылғы және 2009 жылғы Қазақстан мен Қырғызстан арасында жасалған Қырғыз республикасының Ыстықкөл ауданындағы жерлерді жалға алу туралы келісімшартқа толықтыру енгізуді көздейді.
«Бұл құжат Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеуді көздейді», – деді Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева.
Сонымен бірге Қазақстан тарапы міндеттемелерді орындау бойынша мерзімдерді 2029 жылдың соңына дейін ұзартуды, жалға берілген курорттық аймаққа инвесторлар тартуды жоспарлап отыр.
Курорттық аймақты дамыту үшін тек инвесторлар тартып қоймай, республикалық бюджеттен де қаражат бөлу көзделген.
«Заң жобасын инвесторлар қаражаты есебінен және ішінара республикалық бюджет есебінен жүзеге асыру көзделіп отыр», – деді депутат.
Айта кетейік, Қазақстан Ыстықкөл жағалауындағы жалға алынған курорттық аймақтарда люкс-отельдер салуды жоспарлап отырғаны осыған дейін хабарланған.
Қырғыз тарапы Қазақстанның Ыстықкөлдегі демалыс орындарын пайдалануға қатысты талаптарын қатайтуды көздейтін келісімді Жогорку Кенештің қарауына ұсынған болатын. Қырғыздар аймақтағы қонақүйлердің деңгейін жоғарылату, онда қызмет ететін жұмысшылардың дені қырғыз азаматтары болуы керек деген талап қойған.