Қазақстанда ұзақмерзімді инфляция мен теңгенің құнсыздануы жалғасады – Тимур Турлов

Қаржы министрлігі шығарып жатқан мемлекеттік құнды қағаздардың кірісі, инфляция алдағы жылдары өте жоғары деңгейде болатынын және теңгенің құнсыздануы әлі де жалғасатынын көрсетеді. Бұл туралы Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов ITS Ideas форумында айтты.
«Қазір елдегі мемлекеттік бағалы қағаздардың кіріс қисығына қарасақ, жеті жылға ақша берсең, жылына 17% өсім аласың. Яғни мемлекет осындай табыс ұсынуға дайын. Бұл кіріс қисығы өте баяу, бір деңгейде тұр деуге болады. Бұл не Ұлттық банк ешқашан инфляцияны жеңе алмайды, келесі 15 жылда орташа инфляция расымен де жоғары болады дегенді білдіреді. Екіншіден, нарықтағы инвесторлар болашаққа күмәнмен қарайды» – деді ол ITS Ideas форумында.
Турловтың пайымынша инвесторлар қазіргі ережелер шеңберінде өздерінің нарықтағы үлкен мүмкіндіктерін дұрыс бағаламай, қателікке бой алдыруы әбден мүмкін.
«Егер Қазақстанда Ұлттық банк инфляция бойынша белгілі бір межеге қол жеткізсе, онда мемлекеттік облигациялардың кірісі өте жоғары болады. Оларды жай ғана сатып алып, 2-3 есе табыс табуға болады. Яғни құнды қағаздардың бағасы алдағы уақытта айтарлықтай артуы мүмкін», – деп түсіндірді Турлов.
Турлов елімізде жоғары пайыздық мөлшерлемелердің дәуірі ұзаққа созылатынын айтады.
«Бізді ұзақ жылдарға созылатын әлсіз ұлттық валюта мен өте жоғары инфляция күтіп тұр. Сондықтан қазіргі жоғары мөлшерлемелердің өзі инвесторларға аса тиімді болмауы мүмкін», – деп түйіндеді кәсіпкер.
Ол сондай-ақ соңғы 15 жылда дамушы елдердің реттеуші органдары АҚШ, Еуропалық Одақ және Жапониядағы әріптестеріне қарағанда нарықтық процестерге әлдеқайда сирек араласқанын айтады.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тамызда Қазақстандағы жылдық инфляция 12,2%-ды құрады (шілдеде – 11,8%), ал бір айдағы өсім – 1% болды (бұрын – 0,7%).