Жаңалықтар

100 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы мен жәрдемақыдан қағылуы мүмкін

Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы берілмеуі мүмкін / Фото: shutterstock

Алдағы уақытта зейнетақы мен жәрдемақы төлеу тәртібі қатаңдауы мүмкін. Әсіресе, бұл Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ адамдарға қатысты болмақ. Яғни мұндай азаматтардың төлемдері уақытша тоқтатылады. Елде мұндай азаматтардың саны 100 мыңнан асады.

Еңбек министрлігі Зейнетақы және әлеуметтік кодекске өзгерістер енгізу бойынша түзетулер пакетін әзірледі. Түзетулерге сәйкес, мемлекеттік төлем алушылардың мәртебесін тексеру процестерін дерекқорларды біріктіру арқылы автоматтандыру ұсынылып отыр.

«Осы нормаларды қабылдау елден тыс жерлерге кеткен және осы елде тұруға ықтиярхат алған зейнетақы мен жәрдемақы алушылар (Қазақстан азаматтары) тарапынан наразылыққа әкеп соғуы мүмкін. Мұндай жағдайда төлемдер мән-жайды анықтағанға дейін тоқтатыла тұрады», – делінген құжатта.

Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың тұрақты тіркеуінің бар-жоғы бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде, 108 мыңнан астам адамның тіркеуі жоқ екені, ал тағы 28 мыңнан астам алушының тек уақытша тіркеуі бар екені анықталды.

Бұдан бөлек, толық мемлекеттік қамсыздандыруда жүрген әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тұратын адамдарға зейнетақы төлемдері тоқтатылады.

Түзетулер атаулы әлеуметтік көмек жүйесіне де қатысты. Енді оны тағайындау кезінде отбасының табысымен қатар, шығыстары, несиелері, депозиттері және мүлкі де ескерілетін болады. Еңбек министрлігі жаңа шаралар төлемдердің нақтылығын арттырып, бюджет қаражатының негізсіз шығындарын азайтуға бағытталған деп түсіндіреді.

Сонымен қатар министрлік декреттік төлемдердің ең жоғарғы мөлшерін шектеуді (жұмыс берушілер санына қарамастан 7 ең төменгі жалақы көлемінен аспау) және жұмыссыздық бойынша жәрдемақы тағайындауға бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл шаралар әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын кемінде 2032 жылға дейін қамтамасыз етуге бағытталған.

Заң жобасын 2025 жылдың желтоқсан айында қабылдау жоспарлануда.

Еске салайық бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова тұрмысы жақсы көпбалалы отбасыларға мемлекеттен қосымша көмек көрсетілмеуі мүмкін екенін айтқан болатын.