$1,5 трлн активті басқарушылар Astana Finance Days 2025-ке қатысады

Жарияланды
Фото: АХҚО

2025 жылғы 4-5 қыркүйекте «Астана» халықаралық қаржы орталығында Astana International Forum қолдауымен Astana Finance Days «Болашақтың негізін қалайтын капитал» VIII қаржылық форумы өтіп жатыр.

Биылғы іс-шараға жалпы көлемі шамамен 1,5 трлн АҚШ долларын құрайтын активтерді басқаратын компаниялардың өкілдері қатысып жатыр. Бұл форумның Қазақстан мен барша Еуразия өңіріндегі қаржы институттары, бизнес-қауымдастық, мемлекеттік органдар мен сарапшылар үшін кездесулер, келісімдер мен диалог құрудың ең ірі алаңы ретіндегі маңызын көрсетеді.

АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров былай деп атап өтті: «Жыл сайынғы Astana Finance Days форумы заманауи трендтер мен сын-қатерлерді талқылауға, сондай-ақ оларды еңсеру жолдарын іздеуге арналған Еуразия аумағындағы бірегей алаң ретінде өз мәртебесін дәлелдеді. Бұл тұжырымға биыл форумға шамамен 1,5 трлн АҚШ доллары көлеміндегі активтерді басқаратын компания өкілдерінің қатысуы айқын дәлел. Сонымен қатар AFD жаңа серіктестіктерді құруға және нарық үшін маңызды жаңалықтарды жариялауға арналған платформа ретінде жұмысын жалғастырып жатыр. Мәселен, форум аясында стейблкоиндарды пайдалану мүмкіндіктері, цифрлық активтер мен әлеуметтік облигациялар саласындағы жаңа листингтер, исламдық қаржы секторы бойынша бастамалар жарияланады. Форум бағдарламасы кәсіби нарық қатысушылары үшін де, қаржыға қызығушылық танытатын кең аудитория үшін де мазмұнды әрі қызықты болмақ».

АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров. Фото: АХҚО

Форум қаржы индустриясындағы жаңа трендтерді айқындауды жалғастырып келеді. Мәселен, 2024 жылы Astana Finance Days аясында сарапшылар венчурлік студияларды құру мен креативті индустрияға инвестиция салу мәселелерін талқылаған еді. Арада бір жыл өткенде-ақ АХҚО-да креативті индустриялар саласында екі венчурлік қор және үш венчурлік студия тіркелді. Мысалы, биыл қаржы орталығында Қазақстандағы көркем фильмдер мен анимация өндірісіне маманданған тұңғыш инвестициялық қор – Tolqyn Film Fund тіркелді.

Сондай-ақ AFD 2024 аясында АХҚО Академиясы қазақстандық жетекші жоғары оқу орындары үшін қаржылық бейіндегі бірегей майнор-бағдарламаларды әзірлейтінін жарияланған еді. Қазіргі уақытта бұл бағдарламалар SDU және AlmaU университеттеріне оқу процесіне енгізу үшін табысталды.

Осыған ұқсас, 2021 жылы форумда АХҚО юрисдикциясында жаңа авиациялық хаб құру мәселесі көтерілген еді. 2025 жылғы қаңтардан бастап бұл бастама белсенді түрде дамып келеді. Оның басты миссиясы – әуе кемелерін қаржыландыру және лизинг мәмілелерін жүзеге асыруға қолайлы орта қалыптастыру. Бұл тек ішкі нарықты ғана емес, сонымен бірге Орталық Азия өңірін толық қамтуға мүмкіндік береді және елдің жоғары авиациялық қауіпсіздік деңгейіне сүйенеді.

Форумның алғашқы күні, 4 қыркүйекте, қонақтарға Қазақстанның рухани діңгегі мен мәдени мұрасын паш ететін салтанатты ашылу рәсімімен басталды. Мұндай формат Astana Finance Days 2025 форумына бастау беріп, АХҚО қызметінің негізінде жатқан ұлттық құндылықтар – қонақжайлық, әділдік және сенімнің маңызын айқындады.

Мәдени бағдарламаны АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров пен футуролог, кәсіпкер әрі әлемдік бестселлерлердің авторы Бретт Кингтің қатысуымен өтетін Fireside Chat жалғастырды. Бретт Кинг еңбектерінің қатарында «Банк 4.0: Жаңа қаржылық құбылыс», «Техносоциализм. Теңсіздік, жасанды интеллект пен климаттың өзгеруі қалай жаңа әлемдік күн тәртібін қалыптастырады», «Кеңейтілген кеңістік дәуірі» және басқа да кітаптары бар. Интерактивті диалог форматында олар жасанды интеллекттің болашақты қалыптастыруға ықпалын және қазіргі қаржының қалай өзгеріп жатқанын талқылады.

Бретт Кинг: «Біз жасанды интеллекттің пайда болуынан бастап климаттық факторлардың ықпалына дейінгі орасан зор өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Алайда бүгіннің өзінде әлемдік банк саласы цифрлық технологиялардың арқасында терең трансформациядан өтіп жатыр: финтехтің клиенттері дәстүрлі банктерге қарағанда 50%-ға көп. Автономды жабдықтау тізбектері мен «ақылды» экономикалар мүлде жаңа банктік инфрақұрылымды қажет етеді, сондықтан стейблкоиндар мен жедел төлем жүйелері қарқынды дамып келеді. 2050 жылы банк секторы бұрынғыдан айқын айырмашылығы бар жаңа бейнеде болады».

Сондай-ақ форум қонақтарының барлығына АХҚО-ның бірегей корпоративтік музейі – «Сенім музейін» таныстырылды. Бұл жаңа жоба қаржы орталығының атынан Қазақстандағы қаржы жүйесінің қалыптасу тарихын Ұлы Жібек жолы кезеңіндегі көне дәуірден бастап, заманауи биржалар мен қаржылық экожүйелердің қазіргі сәтіне дейін баяндайды. Корпоративтік музей қонақтарға капиталды тек экономикалық құрал ретінде ғана емес, сонымен қатар негізінде сенім жатқан құбылыс ретінде көрсететін кеңістік бейнесінде жасалды — мұнда алғаш рет әмбебап айырбас өлшемі ретінде ақшаны пайдалануға уағдаласқан саудагерлердің заманынан жалғасып, әлемнің әр түкпірінде орналасса да, ашық әрі айқын келісімдерге сүйенетін контрагенттер арасына дейін жеткен сенім жатыр.

Сонымен қатар Astana Finance Days 2025 форумы аясында 2024 жылы құрылған және тұрақты хатшылығы «Астана» халықаралық қаржы орталығында орналасқан Түркі мемлекеттерінің жасыл қаржы жөніндегі кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Кездесуге қаржы реттеушілерінің, экономикалық және қаржылық ведомстволардың, сондай-ақ ТМҰ-ға мүше және бақылаушы елдердің қор биржаларының басшылары мен өкілдері қатысты. Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар тұрақты жасыл даму, климаттың өзгеруіне бейімделу және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бейілділігін растайтын бірлескен коммюникеге қол қойды.

Бірінші күннің іскерлік бағдарламасын «Дамушы нарықтарға инфрақұрылымдық инвестициялар» тақырыбындағы пленарлық отырыс ашты. Сессия модераторы – АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров. Спикерлер: Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Еуропа қайта құру және даму банкінің Орталық Азия мен Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озхан, Brookfield басқарушы серіктесі және Таяу Шығыс бойынша жетекшісі Джад Эллаун және Reformatics басқарушы серіктесі Ника Гилаури.

Бұл жоғары деңгейлі сессия дамушы нарықтардағы инфрақұрылымға инвестициялар тартуға арналды, ал өңірлік кейс ретінде Қазақстанның тәжірибесі қарастырылды. Сессияға қатысушылар энергетика, көлік және цифрлық байланыс салаларындағы ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға ұзақ мерзімді капитал тартуға қолайлы жағдайларды талқылады.

Келесі панельдік сессиялар Қазақстанның Парсы шығанағы мемлекеттерімен экономикалық ынтымақтастығы, жасыл инвестициялардағы тәуекелдерді төмендету, экожүйелер, институционалдық трансформация және қаржының болашағы, энергетикалық ландшафты декарбонизациялау, активтерді басқару, «Белдеу және жол» қаржылық архитектурасын қалыптастыру, халықаралық қаржы орталықтарындағы деректерді қорғау, инвестицияларды жаһандық мобильділіктің құралы ретінде пайдалану, активтерді токенизациялау, майнор-бағдарламалар, жасанды интеллекттің шығармашылыққа әсері және басқа да тақырыптарды қамтыды.

Бұл тақырыптардың барлығы капиталдың әртүрлі қырларын және оның экономикалық дамуға қосатын үлесін ашуды жалғастырды. Мысалы, «АХҚО соты мен ХТО: сот төрелігінің цифрлық трансформациясы және капитал саалымын қорғаудың болашағы» панельдік сессиясында АХҚО Сотының төрағасы Мэлдон Лорды Бернетт мен Халықаралық төрелік орталығының төрағасы Томас Крюммель цифрлық технологиялар дауларды шешу жүйесін қалай өзгертіп жатқанын және бұл өзгерістер инвестициялық капиталды қорғауға қалай әсер ететінін талқылады.

АХҚО Қазақстанда исламдық қаржыны ілгерілетуге өз үлесін қосып келеді. Іс жүзіндегі ислам қаржысы: Нақты экономика үшін этикалық банкинг пен инвестициялар сессиясынан кейін АХҚО қатысушысы Tayyab Finance Sukuk SPC Ltd. – Tayyab Finance еншілес құрылымы қаржы компаниясының сукугі AIX биржасында листингке шығарылатыны жарияланды. Компания жалпы көлемі 20 млрд теңгеге дейінгі исламдық бағалы қағаздар бағдарламасын 2040 жылға дейінгі мерзімге тіркеді. Тартылған қаражат жеке клиенттер үшін исламдық автокөлік қаржыландыруын дамытуға бағытталады.

Сондай-ақ осы сессияда АХҚО-да инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту үшін Junior Mining Investment Fund қорының іске қосылатыны жарияланды. Future Minerals Junior Mining Fund CEIC Ltd. қорын қаржы орталығы аясында GWM Capital компаниясы құрды және ол Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан «junior mining» секторына инвесторлар тартып, геологиялық барлау мен инвестициялық жобалардың бастапқы кезеңдерін қаржыландыруға бағытталған. Қордың нысаналы көлемі 100 млн АҚШ долларын құрайды. Ол жабық қор ретінде құрылып, шариғат қағидаттарына сәйкес инвестициялық мүмкіндік ұсынады.

Сессиядан кейін AIX биржасында «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы шығарған әлеуметтік облигациялардың дебюттік траншы листингке шығарылатыны жарияланды. Оның көлемі 100 млн теңгені құрайды, ал жалпы облигациялық бағдарлама 1 млрд теңгеге есептелген. Тартылған қаражатты ӘКК өзінің стратегиялық бағыттарын қаржыландыруға жұмсауды жоспарлап отыр, оның ішінде микро, шағын және орта бизнесті қолдау, индустриялық және агроөнеркәсіптік жобаларды іске асыру және басқа да бастамалар бар.

«АХҚО Диалогы: Жаһандық ұтқырлық үшін стратегиялық инвестициялар» сессиясында АХҚО Экспат орталығы базасында инвесторларды қолдауға арналған бірыңғай фронт-офистің жұмысы іске қосылатыны жарияланды. Өзара іс-қимылдың жаңа форматы визалық және әкімшілік қызметтерден бастап, консультациялық сүйемелдеуге дейінгі жан-жақты қолдауды «бір терезе» қағидаты бойынша бір кеңістікте ұсынуға мүмкіндік береді. Осы жаңашылдықтың арқасында АХҚО Инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасының шарттары инвесторлар үшін тартымды бола түспек: олар 300 мың АҚШ долларынан бастап инвестиция салған жағдайда алтын виза мен тұру ықтиярхатын алуға үміткер бола алады.

АХҚО Экспат орталығының директоры, сессия модераторы Айнұр Жұматова атап өтті: «Біз инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды көздейміз. Ол үшін тек қаржылық және құқықтық құралдарды ғана емес, сонымен бірге елде болудың барлық кезеңдерінде кешенді қолдау ұсынамыз. АХҚО Экспат орталығы мен «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы фронт-офистерінің біріктірілген форматта жұмыс істеуі инвесторлармен және халықаралық мамандармен жұмыста клиентке бағытталған және бірыңғай тәсілді іске асырудың маңызды қозғаушы күшіне айналады».

«Активтер токенизациясы: қаржы нарықтары мен цифрлық экономика үшін жаңа дәуір» сессиясында АХҚО базасында іске қосылған Commodity Tokenization пилоттық жобасы жарияланды. Бұл Еуразия өңірі елдерінде ауыл шаруашылығы активтерін ауқымды цифрландыру бойынша алғашқы бастама және блокчейн технологияларын пайдалана отырып, астықты есепке алу, сақтау, саудалау және қаржыландырудың кешенді цифрлық экожүйесін құруды көздейді.

«Белдеу және жол» бастамасының қаржылық архитектурасын қалыптастыру сессиясында АХҚО мен Қытайдың инновациялық қаржы институтының (Чэнду) Орталық Азия мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстардың дамуына арналған бірлескен зерттеуі ұсынылды. Зерттеуде «Белдеу және жол» бастамасының қатысушылары арасында практикалық үйлестірудің күшейіп, шекаралық және кедендік рәсімдердің жеңілдетілу үрдісі атап өтілді. Бұл капитал мен тауар ағындарының болжамдылығын арттырады.

Қазақстан осы үдерістің негізгі буыны, себебі ел стратегиялық ұлттық мақсаттарға берік, сенімді көлік дәліздеріне ие және таза энергетика бағытын ұстанып келеді. Осы тұрғыда қаржылық ынтымақтастықты дамытудағы келесі қадамдар, соның ішінде капитал тарту арналарының әртараптандырылуы талданады. АХҚО платформалары, соның ішінде AIX биржасы капитал тарту мен құрылымдауға практикалық инфрақұрылым ұсынып қана қоймай, АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығын қамтитын өзінің құқықтық экожүйесі арқылы жобаларды қолдай алады.

Дәстүрге сай, Astana Finance Days форумы қаржы нарығы қатысушылары арасында ұзақ мерзімді қатынастарды қалыптастыратын жаңа келісімдер жасалатын алаң мәртебесін сақтап келеді. Осылайша, АХҚО Әкімшілігі мен Қатар халықаралық қаржы орталығының Әкімшілігі деректерді қорғау саласында ынтымақтастық үшін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат жеке деректерді қорғауды қамтамасыз ету, халықаралық стандарттарға сәйкестікті сақтау және цифрлық қаржылық қызметтерді дамытуға қолдау көрсету бойынша тәжірибе мен озық үлгілермен алмасудың негізін қалайды.

АХҚО реттеушісі AFSA қаржы орталығының қатысушыларының реттеушілік алымдарды АҚШ долларына байланған стейблкоиндарды пайдалана отырып төлеуі тетігін енгізу бастамасын іске қосатынын жариялады. Жоба аясында цифрлық активтер қызметтерін көрсететін және AFSA-дан тиісті лицензиясы бар провайдерлер бастамаға қосылып, AFSA-ға стейблкоиндармен реттеушілік алым төлеуді жоспарлаған төлеушілердің агенті ретінде әрекет ете алады. Bybit Limited компаниясы көпжақты өзара түсіністік туралы меморандумға (MMoU) алғашқы қол қоюшы болды.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығы (AIFB) Astana Finance Days аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар Қазақстанда исламдық қаржы құралдарын дамыту үшін күш-жігерді біріктірмек. Құжатта сараптамалық қолдау, ақпарат алмасу және кәсіпкерлерге арналған бірлескен білім беру бастамалары көзделген.

АХҚО Экспат орталығы мен «Эйр Астана» компаниясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат шетелдік инвесторлардың, сарапшылардың және АХҚО қатысушыларының елге келуі, елде болуы және бейімделуі үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дамыту бойынша АХҚО алаңындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

АХҚО Әкімшілігінің клиенттермен жұмыс жөніндегі бас директоры Бауржан Канкин атап өтті: «Біз Air Astana компаниясымен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және логистика мен әуе тасымалдары саласындағы негізгі серіктестердің бірі ретінде бұл компания маңызды рөл атқаратынына сенімдіміз, өйткені көптеген адамдар үшін елімізбен алғашқы танысу дәл осы компаниядан басталады. Бұл бастаманы дамыту Қазақстандағы АХҚО-ға қатысушы шетелдік инвесторлар үшін жайлы әрі қолайлы орта құру жөніндегі жұмысымызда маңызды рөлге ие».

АХҚО Академиясы мен Назарбаев Университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжаттың мақсаты – ғылыми және білім беру байланыстарын нығайту және дамыту, білім беру мен ғылым саласында одан әрі ынтымақтастыққа негіз қалау, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру.

Биылғы форумның ерекшелігі – AFD Exhibition Hub – Astana Finance Days бірыңғай көрме алаңы болмақ. Ол капитал нарығында және цифрлық инновациялар саласында жұмыс істейтін компанияларды біріктіріп, шешімдерді көрсетуге, нарықтағы позицияны нығайтуға және стратегиялық серіктестермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

2025 жылғы көрме қатысушылары қатарында ATAIX криптобиржасы, AnchorX және LMAX Group финтех-компаниялары, Advanced Payment Solutions компаниясы, Alatau City Invest брокері, Halyk Finance инвестициялық компаниясы, Brillink цифрлық банкі және инвестициялар саласындағы мамандарға қаржылық білім беретін CFA Institute коммерциялық емес ұйымы бар.

Форумды ұйымдастырушы – «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Global Financial Centres Index рейтингі бойынша Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі №1 қаржы орталығы. Astana Finance Days 2025 мына серіктестердің қолдауымен өтіп жатыр: алтын серіктестер – Freedom Broker және KAZ Minerals, күміс серіктестер – Solidcore Resources, ITS және MYD Production, қола серіктестер – ERG, LMAX Group, Teniz Capital Investment Banking, индустриялық серіктес – Allur, финтех-серіктес – Mastercard, серіктес – Al Safi Bank және басқалар.

Анықтамалық ақпарат

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

Ақпараттық қолдау

Сондай-ақ оқыңыз