«Бір бала 7 үйірмеге қатысқан»: Шымкенттегі тегін қосымша білім беру қатаң бақыланады

Жарияланды
Фото: shutterstock.com

Шымкентте тегін қосымша білім беру ісінде не өзгерді? Әкімдік бұрынғы жүйеден қандай кемшіліктер тапты? Жаңа жүйе ата-ана мен балаға не береді? Қызмет көрсетушілерге қандай талаптар қойылады? Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өңірлік коммуникация орталығында өткен баспасөз мәслихатында жан-жақты айтып берді.

Қала аймағына кірген ауыл балалары тегін қосымша білімнен қағылған

Қазақстанның 6 аймағында қосымша тегін білім беру жүйесін жетілдіру үшін пилоттық жоба әзірленген. Оған Шымкент қаласы да кірген. Енді қосымша білім беретін мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің жұмысы қатаң бақыланады және істелген жұмысқа ғана ақы төленеді.

«Неге біз бұл қадамға бардық? Өздеріңіз білесіздер, бізде орта білім беру тегін және міндетті. Бірақ Конституцияда, заңда «мемлекет тегін қосымша білім беруге міндетті» деп көрсетілмеген. Дегенмен үкімет балаларды спорттық, шығармашылық тұрғыдан жетілдіруге барынша көңіл бөліп отыр. Бірақ біз осыны дұрыс пайдаланып келдік пе? Әлде қалай пайдаландық деген сұрақ туындайды» деп сөз бастады қала әкімінің орынбасары әрі ресми өкілі Сәрсен Құранбек.

Оның сөзінше, Қазақстанда балалардың 96%-ы қосымша біліммен қамтылған. Ал Шымкентте бұл көрсеткіш 94%-ға жеткен. Қосымша білімді балаларға мемлекеттік әрі жекеменшік мекемелер береді. Оған спорттық, шығармашылық және білім беру ісі жатады. Мұнымен бұрын қалада 3 басқарма айналысқан. Енді тек қалалық білім басқармасына жүктелді.

Сонымен бірге бұған дейін қалада 254 мың бала қосымша білім алып жүрген. Десе де қосымша білім беру мекемелерінің 90%-ы қала орталығында орналасқаны анықталған. Шымкент мегаполис болғалы қала аймағына 41 елдімекен қосылған. Бірақ ондағы балалар қосымша білімнен қағылған. Әкімдік осындай олқылықтарды анықтаған соң, орнын толтыру амалына кірісіп кеткен. Кемшіліктерді жою амалын тапқан.

Бір маман бірнеше үйірмеде сабақ берген

«Мысалы, 2 үйірмеге баратын балалардың саны – 17 499 екен. 3 үйірмеге 2 859 бала барады екен, 4 үйірмеге – 446, 5 үйірмеге – 44, 6 үйірмеге – 15, 7 үйірмеге баратын 1 бала бар екен. Қызығы ол бала мектепте де тенниске барады, оқушылар сарайына да тенниске барады, спорттық тапсырыс алған мекемелерге де тенниске барады. Сонымен бірге әмбебап, мамандар бар екен. Бір үйірмеде балаға суреттен сабақ береді. Екіншісінде жүзуді үйретеді. Енді бірінде домбырадан сабақ берсе, келесі үйірмеде шешендік өнерден дәріс оқыған. Тіпті жасы 70-тен асқан, жүріп-тұруы қиын зейнеткерлер де сабақ беретіндердің тізіміне қосылған. Мұндай «мамандарды» да зерттеу барысында таптық», – деді Сәрсен Құранбек.

Құранбек ендігі кезде не өзгеретінін, бұл бала мен ата-анаға не беретінін де атап өтті. Оның сөзінше, ендігі кезде баланың қосымша білім алған күніне ғана төлем жасалады.

«Енді ақша баланың артынан жүреді. Бұрын өнім жеткізуші ваучерді өзі алатын. Қай баланы қабылдайды, қай баланы кіргізеді, қай баланы шығарады өзі білетін. Бұдан былай бұлай болмайды. Ваучер балаға беріледі. Бала кімді таңдайды? 5 ай жүзуге бара ма, 6 ай дюдзоға бара ма, 10 ай волейболға немесе футболға бара ма өзі біледі. Бірақ ваучерді жоғалтпайды. 5 күннің ішінде өзге үйірмеге баруға рәсімдей алады. Бір мекемеден екінші мекемеге өз қалауы бойынша өте береді», – деді Сәрсен Құранбек.

Мүмкіндігі шектеулі балалар қосымша білім алмаған

Енді қосымша тегін білім беру ісі мен қаржысын әкімдік толық бақылауға алатын болды. Мысалы, бұрын үйірмеге баратын бір бала үшін әртүрлі сомада ақы төленсе, енді бәріне бірдей айына 15 мың теңге беріледі. Ал ерекше білім беруді қажет ететін балаларға 22 500 теңге, мүмкіндігі шектеулі балаларға 30 мың теңге бөлінеді.

Сәрсен Құранбектің сөзінше, бұрынғы жүйеде ерекше балалар нараздан мүлде тыс қалған. Қаладағы 13 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі балалардың бірде-бірі қосымша білім алмаған.

«Бір ваучер- бір бала, яғни мемлекет бір балаға тегін бір орын ғана береді. Мысалы, бала домбыра не жүзуді таңдаса, күресті не сурет салуды таңдаса, мемлекет бюджет есебінен оған тегін қатысуына мүмкіндік жасайды. Жүзуге барған бала сурет салуға да барамын десе, екінші қосымша біліміне ата-ананың өзі ақы төлейді. Өйткені бұрын 1 бала 7 үйірмеге тегін барған. Бірақ қала шетінде тұратын балалар бірде-бір үйірмеге бара алмаған. Бұл дұрыс емес, әділетсіздік деп есептеймін», – деді Құранбек.

Жаңа жоба қазірге 6 айға жасалған. Онда 45 мыңға жуық балаға орын бар. Жалпы бюджеті 4 млрд 39 млн теңгеге жуық.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте қосымша білім беретін жекеменшік мекеме жетекшілері бұл жобаның қабылдануына қарсы болған. Олар жаңа жобаның талабымен жұмыс істеу мүмкін емес деп мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз