Сайрам шыңына шыққан екі адамның бірі өлі табылды

4 қыркүйекке қараған түні Түркістан облысындағы Сайрам шыңына шығуға кеткен екі адамның бірі өлі табылды. Екіншісі 3 күн бойы ас-сусыз қалған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, биіктігі 4 мың метрден асатын Сайрам шыңынан екі тұрғынды іздеуге альпинистер тартылған.
28 жастағы Андрей Орлов пен 29 жастағы Акмал Махкамов 31 тамыз күні өз бетінше Сайрам шыңына шығуға кетіп, қайта оралмаған. Олардың жоғалғаны туралы ақпарат 1 қыркүйекте түскен. Іздеу кезінде тікұшақ қолданылған. Құтқарушылар Орловтың айқайлаған дауысын естіп, оның тұрған жерін анықтаған. Десе де, күрделі және жартасты рельефтің салдарынан тікұшақ оқиға орнына жақындай алмаған. Құтқарушылар жоғалғандарға жаяу жеткен.
«Іздеу жұмыстары Сайрамсу шыңы ауданында теңіз деңгейінен 2200 метр биіктікте, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің аумағында, Қасқасу ауылынан 8 км жерде жүргізілді. Іздеу-құтқару жұмыстары жету қиын және қауіпті таулы жерлерде жүргізілді. «Ізгі ниет» асуы ауданындағы операция барысында құтқарушылар туристердің бірімен дауыстық байланыс орнатты. Оның хабарлауынша, екінші қатысушы 1996 жылы туған Өзбекстан Республикасының азаматы» делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.
Альпинистер арнайы жабдықты пайдаланып жартастарға көтеріліп, Орлов пен қайтыс болған Махкамовтың денесін тауып түсірген. Марқұмның денесін полицияға жеткізген.
Мұның алдында Қырғызстандағы Жеңіс шыңында аяғын сындырып, тауда қалған ресейлік альпинист Наталья Наговицына қаза тапқан болатын.