10 жылға сотталған Перизат Қайрат үкімге шағым түсірмеген

Перизат Қайрат сот үкіміне апелляциялық шағым түсірмеген. Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді.
БАҚ өкілдері агенттік төрағасы орынбасарынан «Қайрат бірінші сатыдағы сот үкімі шыққаннан кейін адвокатымен бірге апелляциялық шағым түсіретіні айтылды. Бұл істі бақылап отырсыздар ма?» деп сұрады.
Елемесовтің айтуынша, агенттік бұл істі бақылап отыр.
«Қазірге дейін ешқандай өзгеріс жоқ. Апелляциялық шағым түссе, сіздер хабардар боласыздар», – деп жауап берді ол.
Сондай-ақ сотта Перизат Қайрат Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің аты атаған. Елемесов қорға түскен қаражатты иемдену бойынша басқа азаматтар анықталмағанын айтты.
«Қорға түске қаражатты иемдену бойынша Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты тергеу жүргіздік. Қаражатты иемденуге қатысты басқа азаматтар анықталған жоқ», – деді ол.
2025 жылдың шілдесінде Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша – «Алаяқтық», 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы – «Аса ірі көлемде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату)» бойынша кінәлі деп танылды.