
Сенаттағы баспасөз алаңында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабековке «Байқоңыр айлағының жалға берілу құнын көтеру ойда бар ма» деген сауал қойылды.
Қазақстан айлақты Ресейге жылына 115 млн долларға жалға береді. Бұл сома 90-жылдары келісілген шартта белгіленген. Журналистер одан бері 30 жылдан астам уақыт өткеніне назар аударып, жалға беру бағасын қайта қарау қажеттілігі жайлы сұрады.
Мәлік Олжабеков Байқоңырды жалға беру шарты 2053 жылға дейін ұзартылғанын, жалға беру бағасын көтеру қарастырылып отырмағанын жеткізді. Оның сөзінше, оған еш «себеп жоқ».
Бұған дейін, Байқоңырдағы жалға берілген жер аумағы қысқаруы мүмкін екені хабарланған.