Құмар ойынды жарнамалаған блогерлер қандай жауапкершілікке тартылады

Онлайн-казиноларды жарнамалаған 11 блогер әкімшілік жазаға тартылған. Егер олар осы казиноларды ұйымдастырып, одан қаржылай табыс алса ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Сенат кулуарында Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты.
Елемесовтің айтуынша, Бурабай мен мен Қонаев қаласынан басқа жерлердегі казинолардың бәрі жабылған. Алайда енді онлайн-казинолар шығып, тұрғындарды құмар ойындарға тартып жатыр.
«Олар шетелде отырып алып, азаматтарды құмар ойынға тартады. Оның арты жақсылыққа әкеп соқпайтыны белгілі. Лудоман болып кетеді. Сондықтан онлайн казиноны жарнамалаған блогерлерге қатысты Мәдениет министрлігіне ақпарат жібердік. 11 блогер әкімшілік жазаға тартылды. Басқаларына қатысты іс қарастырылып жатыр», – деді ол.
Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) қазіргі кезде заңды қатаңдатуды ұсынып отыр. Қаржы пирамидаларын жарнамалау секілді онлайн казиноны жарнамалауға да тыйым салынбақ. Бұл ұсыныс парламент қарауында жатыр.
Бұған дейін ҚМА 34 блогер құмар ойындарды жарнамалағанын хабарлаған. Олардың қатарында Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев («Baller»), Айтмаханов Тәуіржан, Тұрғанов Наиль, Диляра Аманқосқызы, Ринат Шамшырақ және басқа да танымал контент жасаушылар бар.