Төрт банк «қызметкелері қылмыстық топ құрған» деген мәлімдемеге жауап берді

Нарықтағы 4 ірі банк прокуратураның мәлімдемесіне жауап берді. Бұл мәлімдемеде ірі банктердің бірнеше қызметкері ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны жазылған болатын.
2 қыркүйекте Ақмола облысының прокуратурасы қылмыстық топтың әрекеті туралы ақпарат жариялап, оған банктердің кейбір қызметкерлерінің қатысы барын айтқан. Алайда банктердің Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесіп жасаған мәлімдемесінде прокуратурадан ресми құжат пен хабарлама алмағаны жазылған.
Қаржы ұйымдары бұл істің мән-жайы өздеріне белгісіз екенін, бірақ ресми құжаттар ұсынылса, тергеуге барынша қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ банктер прокуратураға ресми сұрау жолдап, қосымша ақпарат беруді сұрап отыр.
Банктер өз қызметін заңға сай, ашық жүргізетінін және клиенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды басты міндет санайтынын атап өтті.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мен банктер құқық қорғау органдарын қоғамдық резонанс тудыратын тақырыптарда мәлімдеме жасағанда салмақты болуға шақырды. Өйткені мұндай ақпарат қаржы институттарының іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.
Прокуратураның мәліметінше, қылмыстық топ әрекетінен қазақстандықтарға 3,7 млрд теңге көлемінде залал келгені айтылған.