Қызмет көрсету саласындағы өсім қарқыны бәсеңдеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Іскерлік белсенділік баяулады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың тамыз айында Қазақстанның қызмет көрсету саласы өсімін жалғастырғанымен, қарқыны баяулаған. Freedom Holding Corp. және S&P Global деректеріне сәйкес, PMI іскери белсенділік индексі шілдедегі 54,0-ден 52,0-ге төмендеді. Бұл көрсеткіш сектордағы оң динамиканың сақталғанын, алайда сәуірден бергі ең баяу деңгейде екенін білдіреді.

Жаңа бизнес пен сұраныс

Қызмет көрсетуші компаниялар жаңа тапсырыстар артып жатқаныны айтқан. Сауалнама деректеріне қарағанда, өсім он ай қатарынан жалғасып келеді. Дегенмен, тамыз айындағы өсім қарқыны соңғы төрт айдағы ең төмен көрсеткіш болды. Компаниялар сұраныстың артуын жаңа жобалардың іске қосылуымен, клиенттер санының өсуімен және қызмет сапасын жақсартумен байланыстырды.

Жұмыспен қату деңгейі қандай

Тамызда жұмыспен қамту деңгейі айтарлықтай өзгерген жоқ. Респонденттердің шамамен 97%-ы қызметкерлер санын сақтап қалды. Баға тұрғысынан алғанда, шығын ауыртпалығы шілдеге қарағанда әлдеқайда жылдам өсті. Бұл ең алдымен еңбек пен материалдардың қымбаттауымен байланысты болды.

Соған қарамастан, қызмет көрсету бағасы наурыздан бергі ең әлсіз өсімін көрсетті. Кейбір компаниялар шығынды клиент есебінен ішінара өтесе, басқалары бәсекеге қабілетті болу үшін бағаны шектеп көтерген немесе жеңілдіктер ұсынған.

Тамыз айында бизнес оптимизмі үш ай ішіндегі ең жоғары деңгейге жетті. Сауалнамаға қатысқан компаниялардың 39%-ы алдағы 12 айда іскери белсенділік артады деп күтсе, тек 11%-ы ғана керісінше пікір білдірген. Сенімнің күшеюіне сұраныстың жақсаратынына үміт, бизнесті кеңейту жоспарлары және жаңа қызмет түрлерін енгізу ықпал еткен.

Сарапшылар пікірі

Freedom Finance Global қаржылық талдау департаментінің директоры Ерлан Әбдікәрімов тамыздағы нәтижелерді былай бағалады:

«Тамыз айында қызмет көрсету секторының өсімі баяулады. Шығындар инфляциясының күшеюі сұранысты қолдауды қиындатып отыр. Соған қарамастан, ағымдағы белсенділік пен келесі 12 айға арналған күтулер оптимизм аймағында сақталуда. Қазіргі кезеңде экономиканы қолдап тұрған негізгі күш – қызмет көрсету секторы, ал өнеркәсіп керісінше пессимизм аймағына тереңдей түсті».
.

Қызмет көрсету секторы оң нәтиже көрсеткенімен, өңдеуші өнеркәсіп қатарынан үш ай бойы құлдырауда. Тамыздағы Қазақстанның Аралас PMI индексі 50,3 деңгейінде болып, шілдедегі 52,5-тен төмендеді. Бұл соңғы он айдағы ең әлсіз өсім қарқыны болды.

Жаңа тапсырыстардың өсуі де ақпаннан бергі ең төмен деңгейге дейін баяулаған. Жұмыспен қамту айтарлықтай өзгеріссіз қалды, ал баға қысымы тарихи тұрғыдан төмен болғанымен, шығындар ақпаннан бергі ең жоғары қарқында өсті.

Ұлттық банк те өткен айда экономикадағы іскерлік белсенділік баяулағанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз