Асхат Аймағамбетов мектептерде смартфонға тыйым салуды қолдады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Асхат Аймағамбетов дамыған елдерде мектептерде смартфонға тыйым салынғанын, мұның нақты нәтиже бергенін айтты / фото: KursivMedia мұрағаты
Асхат Аймағамбетов дамыған елдерде мектептерде смартфонға тыйым салынғанын, мұның нақты нәтиже бергенін айтты / фото: KursivMedia мұрағаты

Асхат Аймағамбетов мектептерде смартфонға тыйым салу туралы Назарбаев Зияткерлік мектептері басшылығының шешімін қолдады.

Депутат мұны «батыл да орынды шешім» деп атады.

«Ата-ана мен оқушы үшін оңай емес»

«Бұл – жеңіл шешім емес. Бірақ бүгінде еліміздің көптеген мектептері осындай ережелерді енгізіп, сол бағытқа бет бұрып жатыр. Мұндай бастаманы бірден түсініп, қолдай қою барлық ата-ана мен оқушы үшін оңай емес. Бірақ уақыт өте келе қоғамда бұл шешімнің мәні мен маңызын терең ұғынатын түсіністік қалыптасады», – деді Асхат Аймағамбетов.

Оның пікірінше, әлемдік тәжірибе бұл үрдістің дұрыс екенін көрсетіп отыр.

«Дамыған елдерде мектептерде смартфондарға тыйым бар»

Көптеген дамыған елдерде мектептере смартфонға тыйым әлдеқашан енгізілген. Бұл нақты нәтиже беріп келеді.

«Тіпті кейбір Еуропа мемлекеттері бұл шектеуді заңмен бекіткен. ЮНЕСКО деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың соңына қарай әлемдегі білім беру жүйелерінің 40 пайызы мектептерде смартфон қолдануға ресми түрде шектеу енгізген», – дейді бұрынғы білім министрі Асхат Аймағамбетов.

Асхат Аймағамбетов қоғамға сауал тастады

Депутаттың сөзіне қарағанда, бұл – технологиямен күрес емес, ол баланың ойын бөлмейтін, зейінін шашыратпайтын, шынайы білім мен қарым-қатынасқа жол ашатын орта қалыптастыруға бағытталған қадам.

Асхат Аймағамбетов бұл шешімнің Қазақстан мектептері үшін қолайлы болатыны жөнінде қоғамға сауал тастады.

Мұның алдында Асхат Аймағамбетов өзі сабақ берге шәкірттеріне қайран қалғанын айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз