
Аты аңызға айналған италиялық дизайнер Джорджио Армани 91 жасында дүниеден өтті. Танымал модельер өмірден озғанда жақындары жанында болған.
«Терең қайғымен негізін қалаушымыз әрі шабыт берушіміз Джорджио Арманидің өмірден озғанын хабарлаймыз. Қызметкерлері мен серіктестері әрдайым ерекше құрметпен атаған ол соңғы күніне дейін тынымсыз еңбек етіп, компаниясына, топтамаларына және түрлі жобаларына бар жан-тәнін арнады», – деп мәлімдеді Armani Group ұжымы
Армани 1934 жылы Пьяченца қаласында туған. Әуелде медицина саласын оқығанымен, көп ұзамай сән индустриясына бет бұрып, мансабын La Rinascente дүкенінде бастаған.
1975 жылы Серджио Галеоттимен бірге Giorgio Armani брендін құрды. Еркін пішінді костюмдері арқылы әйгілі болған марка қысқа уақытта әлемдік сән әлемінің көшбасшылары қатарына қосылды. Кейін дизайнер ісін кеңейтіп, парфюмерия, аксессуар, қонақүй және мейрамхана бизнесін дамытты. Голливуд жұлдыздарына арналған костюмдері Армани атын сән тарихына алтын әріппен жазды.