Бағаны реттеу үшін Қазақстан сиыр етін экспорттауға квота енгізеді

Қазақстанда ішкі нарықтағы бағаның өсуін тежеу үшін сиыр етін экспорттауға уақытша квота енгізіледі. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Шешім Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қабылданған.
Ресми мәлімдемеге сүйенсек, мұндай шектеу ел ішінде еттің жеткілікті болуын қамтамасыз етіп, бағаның күрт өсуіне жол бермейді. Сонымен қатар квота ірі өндірушілерге бұрынғы келісімшарттар бойынша жеткізілімдерін орындап, сыртқы нарықтағы орнын сақтауға мүмкіндік береді. Қажетті бұйрықты Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдайды.
2 қыркүйекте вице-министр Азат Сұлтанов журналистерге ет бағасының көтерілуін көрші елдердегі сұраныстың артуымен байланыстырған. Оның айтуынша, Қазақстан биыл былтырғыға қарағанда екі есе көп ет экспорттап жатыр. Дегенмен республикада тапшылық жоқ, шамамен 50 мың тонна қор бар, бұл бірнеше айға жеткілікті.
Бұған дейін, 2025 жылғы шілдеде министр Айдарбек Сапаров 2024 жылы Қазақстан сиыр еті экспорты көлемін 1,4 есе ұлғайтып, 22 мың тоннаға жеткізгенін, ал қой еті экспорты 2,2 есе өсіп, 18 мың тоннаға жеткенін мәлімдеген еді.