Қазақстан Германияға мұнай тасымалдауды арттырды

2025 жылдың тамыз айында Қазақстаннан Германияға «Достық» құбыры арқылы 190 мың тонна мұнай жеткізілді. Бұл көрсеткіш шілдемен салыстырғанда 18,7%-ға көп, деп хабарлады «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы.
Компания мәліметінше, тамызда 190 мың тонна қазақстандық мұнай Ресейдің «Транснефть» магистральдық құбыр жүйесіне «Адамова застава» пунктінде тапсырылып, әрі қарай Германияға жөнелтілген.
Жалпы қаңтар–тамыз аралығында экспорт көлемі 1,277 млн тоннаға жеткен. Бірақ қыркүйек айына қатысты нақты жоспар компания тарапынан әзірге жарияланбады.
Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» да Германияға мұнай экспортын арттырғанын хабарлаған еді.
2025 жылы компания Германияға 1,5 млн тонна мұнай жөнелтуді жоспарлағанын хабарлаған. Дәл осындай көлем 2024 жылы да экспортталған. Кейін компания жоспарын қайта қарап, жеткізілімді 2 млн тоннаға дейін арттыру ниеті бар екенін мәлімдеді.
Экс-министр Алмасадам Сәтқалиев те Германия тарапынан қосымша сұраныс болса, көлемді 2 млн тоннаға дейін көбейтуге мүмкіндік бар екенін айтқан еді.
Қазақстан Германияға мұнай жеткізуді 2023 жылдан бастап «Транснефть» магистральдық құбыр жүйесі арқылы «Адамова застава» бағытында жүзеге асырып келеді.