Қазақстан мұнай өнімдерін экспорттауға тыйымды 2026 жылдың ортасына дейін ұзартты

Қазақстанда мұнай өнімдерін сыртқа шығаруға қойылған жарты жылдық тыйым тағы да ұзартылмақ. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
2026 жылдың қаңтарынан бастап алты айға ЕАЭО кедендік аумағынан жеңіл дистилляттарды, авиакеросинді, дизель отынын, газойльді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын әкетуге шектеу сақталады. Сонымен бірге бензин, дизель отыны және кейбір мұнай өнімдерін автокөлікпен және теміржол арқылы шығаруға тыйым жалғасады.
Үкіметтің түсіндіруінше, бұл шара ішкі нарықты үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстанда бензин мен мұнай өнімдерін автокөлікпен және теміржол арқылы экспорттауға тыйым 2021 жылдың қаңтарынан бері қолданыста. Ол әр алты ай сайын ұзартылып келеді. Соңғы рет мұндай шешім 2025 жылдың 19 мамырында қабылданған еді. Шектеудің басты мақсаты – ішкі нарықта жанармай тапшылығына жол бермеу.