
4 қыркүйекте Сенаттың жалпы отырысында кірістерді заңсыз жолмен заңдастыруға (ақшаны жылыстатуға) қарсы іс-қимылға қатысты заң қабылданды. Енді жаңа құжат Президенттің қол қоюына жолданды.
Жаңа құжатқа «күдікті қаржылық әрекет» деген ұғым енгізілді. Ол аударымдардың жиілігіне, сомасына және бағытына қарай бағаланады. Мәселен, бір шотқа күн сайын бірдей сома түсіп отырса, мұндай операциялар тексеріледі. Бұдан кейінгі бақылауды Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізбек. Ал күдікті аударымдардың нақты критерийлерін агенттік кейінірек жариялайды.
Заңға сәйкес, қаржылық мониторинг субъектілерінің қатарына жаңа ұйымдар : байланыс операторлары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қосылды. Енді байланыс операторлары мобильді баланс толтыру, ал «Азаматтарға арналған үкімет» жылжымайтын мүлікке қатысты 50 млн теңгеден жоғары мәмілелер жөнінде деректерді беріп отырады.
Сондай-ақ заңда скорингтік жүйе енгізіліп отыр – бұл клиенттің тәуекел деңгейін автоматты бағалау тәсілі. Ол қаржылық мониторинг жүргізетін ұйымдарға клиентті, оның өкілдерін және нақты бенефициарларын тексеруде қосымша құрал ретінде қызмет етеді.
Маңызды өзгерістердің бірі – цифрлық активтерге қатысты 5 млн теңгеден асатын барлық операция енді қаржылық мониторингке алынады. Сонымен бірге мәдени құндылықтарға қатысты қолма-қол операциялардың шегі 45 млн теңгеден 1 млн теңгеге дейін төмендетілді. Сарапшылар мұның себебін – тарихи және мәдени маңызы бар заттардың елден заңсыз шығарылуына жол бермеумен түсіндіреді.
Бұған қоса, қаржы ұйымдарын басқарушыларға қойылатын талаптар күшейді. Енді қылмыстық кірістерді заңдастыруға немесе терроризмді қаржыландыруға қатысы бар адамдармен байланысы бар тұлғалар мұндай лауазымға тағайындалмайды.
Айта кетейік, осы жылы билік үш айда 1 млн теңгеден аса мобильді ақша аударымын жасағандарға салық салуды жайлы хабарлаған еді. Ол үшін төмендегі үш критерийдің бәрі орындалуы тиіс:
- Жүз түрлі адамнан ақша түскен жағдайда;
- Жүз түрлі адамнан қатарынан үш ай бойы ақша түссе;
- Олар аударған ақша 1 млн теңгеден асқан жағдайда салық төлеу керек.