Қытай Қазақстанға қайтарымсыз 7,5 млрд теңге беріп, орнына ғарыш деректерін алады

Қытай Қазақстанның ғарыш саласын дамытуға қайтарымсыз негізде 100 млн юань (шамамен 7,5 миллиард теңге) көлемінде қаржы бөлуді көздейтін келісімге қол қойды. Оның орнына Қытай тарапы жаңа бақылау жүйелерінен жиналатын деректерге қол жеткізетін болады.
Аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков Қытай инвестициясы бірден үш жобаға бағытталатынын айтты.
Бірінші жоба — навигациялық қадағалау жүйелерін әзірлеу, нақтырақ айтқанда, трекерлер мен навигациялық пломбаларды жасауға қатысты.
Екінші бағыт – жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) бойынша ғарыштық жүйе. Бұл жобада деректерді сақтау мен өңдеуге арналған бұлтты сервис құру, сондай-ақ оларды қолдану мен қолжетімділікті арттыру көзделген.
Үшінші жоба – телескоп.
«Біз бақылау обсерваторияларының халықаралық жүйесін дамытып жатырмыз. Бұл жүйе бақылау құралдарына онлайн қол жеткізуді көздейді. Мұндай қызметке сұраныс өте жоғары, өйткені Қазақстан Еуропа мен Азияның арасында орналасқан, сондықтан мұндай деректерге қажеттілік көп», – деді Олжабеков.
Мәлік Олжабеков осы орайда қазақстандықтар үшін жаппай бақылау орнатылады деген алаңдаушылығына жауап бере кетті. Сөзіне сенсек, барлық құрылғылар тек ғарышты немесе жердің беткі қабатын бақылауға арналған. Ол ЖҚЗ жүйесі адамдарды қадағалауға арналмағанын, ал алынған барлық жер бетінің суреттері Қазақстан аумағында сақталады деп сендірді.
Алайда телескоп пен обсерваторияларға қатысты деректер, яғни, ғарышты зерттеу материалдары Қытай тарапына берілетін болады.
Айта кетейік Қазақстан «Бәйтерек» кешенінен зымыран ұшыруға 60 млрд теңгеден астам қаржы жұмсамақ.