Кореяда Hyundai компаниясының жұмысшылары ереуілге шықты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Hyundai жұмысшылары жалақыны көтеруді және жұмыс аптасын қысқартуды талап етуде / Фото: kursiv.media архиві

Оңтүстік Кореяда Hyundai концернінің өнеркәсіптік кәсіпорындарында ауқымды ереуіл басталды. Кәсіподақтың мәлімдеуінше, бұл шараны қолдауға 42 мың адамның 86 %-ы дауыс берген.

Ереуіл Асан, Чонджу және Ульсан қалаларындағы зауыттарды қамтыды. Бұл зауыттарда Hyundai Kona, Tucson, Santa Fe, Palisade, Sonata және Grandeur, сондай-ақ Genesis модельдері: G70, G80, G90, GV60, GV70 және GV80 шығарылады.

Әзірге жұмысшылар ескерту ретінде наразылық білдіріп жатыр. Сол себепті сәрсенбі және бейсенбі күндері ереуіл екі сағаттан аспады. Ал жұма күні ереуіл ұзақтығы төрт сағатқа дейін созылады.

Dow Jones Newswire агенттігінің хабарлауынша, ереуілге шыққан жұмысшылардың басты талаптарының бірі жалақыны 141 300 вонға (шамамен 55 мың теңге) көтеру. Сондай-ақ былтырғы таза пайданың 30 пайызын сыйлықақы ретінде бөліп беруді талап еткен.

Бұдан бөлек жұмыс аптасын 4,5 күнге қысқартуды және бұрынғы табыс деңгейін сақтау мақсатында зейнеткерлік жасты 60 жастан 64 жасқа дейін ұзарту сияқты талаптар бар.

Сондай-ақ оқыңыз