Қазақстан «Бәйтерек» кешенінен зымыран ұшыруға 60 млрд теңгеден астам қаржы жұмсамақ

Сенат Қазақстан Үкіметі мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялады.
Сенатор Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, бұл құжат мемлекеттік жобаны іске асыру мерзімдерін нақтылауға, сондай-ақ салықтық және ұйымдастырушылық бірқатар мәселелерді реттеуге бағытталған.
Хаттамада келесі негізгі өзгерістер көзделген:
- ұшу сынақтарының басталу мерзімі 2023 жылдан 2025 жылға ауыстырылады;
- 2028 жылдан 2039 жылға дейін жылына екі емес, үш кепілді ұшыру жоспарлануда;
- бейрезиденттер үшін қосылған құн салығына нөлдік мөлшерлеме енгізіледі;
«Бәйтерек» АҚ үшін корпоративтік табыс салығы бойынша салықтық жеңілдіктер мерзімі жаңа кешен пайдалануға берілгеннен кейін 2028 жылдан бастап 15 жылға ұзартылатын болады.
Аталған салықтық преференциялар жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздемеде көзделмегенімен, инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында ұсынылып отыр.Сондай-ақ мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсірмейді.
«Қаржыландыру республикалық бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда Қазақстан өз міндеттемелерін толық көлемде орындап келеді. Техникалық және ұшыру кешендерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, оқу-жаттығу құралдары әзірленіп жатыр, зымыран бөлшектерінің құлау аймақтары анықталды», — деді Бибігүл Жексенбай.
Жобаның жалпы құны 90,8 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 2025 жылға 60,8 млрд теңге жоспарланған.
Ресей тарапы «Союз-5» зымыран тасығышын және оның техникалық жабдықтарын дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Зауыттық сынақтар қазақстандық мамандардың қатысуымен өтуде. Алғашқы ұшыру 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
«Союз-5» зымыран тасығышының артықшылықтары:
- экологиялық қауіпсіздік;
- жанармай ретінде керосин мен оттегінің қолданылады;
- қазіргі қолданылып жүрген «Протон-М» зымыранының баламасы ретінде қарастырылады.
«Бәйтерек» жобасы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі Байқоңырдағы алғашқы әрі жалғыз толыққанды бірлескен бастама. Бұл жоба ғарыш айлағының инфрақұрылымын сақтап қалуға, елдің кадрлық әлеуетін арттыруға және ғарыш саласын, аппараттарды жасаудан бастап ұшыруға дейінгі толық циклмен дамытуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті депутат.
Қазіргі таңда Қазақстанда бес ғарыш аппараты пайдаланылып жатыр, ал тағы бесеуі әзірлену сатысында, оның екеуі халықаралық келісімдер аясында экспортқа арналған.
Сенатордың пікірінше, «Бәйтерек» кешенін уақтылы пайдалануға беру Қазақстанға ғарыш аппараттарын құрастыру мен ұшыруды қамтамасыз ететін тиімді коммерциялық жүйе құруға мүмкіндік береді.