Шымкентте 9-сынып оқушысы суицид жасап қайтыс болды

Жарияланды
Шымкентте 9-сынып оқушысы суицид жасап қайтыс болды/Фото: Дилара Иса

Шымкенттегі №32 мектептің 9-сынып оқушысы өзіне-өзі қол салып қайтыс болды. Кеше марқұмның туыстары оның жаназасын шығарған. Марқұмның отбасы өлім себебін мектептегі әлімжеттіктен көреді. Ол ұялы телефонына 4 сыныптасының атын атап, енді ұра алмайтынын жазып қалдырған.

Оқиға қалай болды?

14 жастағы Өмірсерік Сұлтанбек отбасындағы бес баланың кенжесі. Ол 3 қыркүйек күні үй ауласындағы қорада өзіне-өзі қол салып, сабақ уақытында қыршынынан қиылды. Марқұмның асылып тұрған денесін жұмыстан келген анасы көрген. Қара жамылған отбасы екі күннен бері ес жия алмай отыр. Есеңгіреп қалған анасы сүткенжесінің сыныптастарынан әлімжетік көргеніне сенімді.

«Таңертең ақ көйлегін киіп, «Мама, давай» деп күліп мектепке кетті. Мен оның өзіне қол салатынын қайдан білейін. Мектепке барған, біреулер тиіскен бе, апайынан үш рет сұранған. Сөйтіп сағат 11:30-да мектептен шығып кеткен. Ал мен түске жақын жұмыстан үйге келдім. Есік құлыптаулы тұрды. Ұлым үнемі үй артында бұзауларды байлап жүретін еді. Көрінбеген соң монша жағып дайындайын, сиырларға су берейін дедім. Қораға қарап қалсам, анда қап-қара болып асылып тұр ғой. Сурет болып. Тірі ме, өлі ме деп, шошып кеттім. Көшеге қарай жүгіріп, адамдарды көмекке шақырдым. Үйге кіргізген соң тірі ме, өлі ме деп құшақтап сүйдім. Жедел жәрдем қызметі келгенде, қайтыс болғанын айтты», – дейді анасы Жанерке Жүнісбекова.

Оқушы әлімжеттік көрді ме?

Өмірсеріктің әкесі 3 жыл бұрын жүрек талмасынан қайтыс болған. Туыстары әкесінен айырылғаннан кейін, оның мінезі тұйықталып кеткенін айтады. Марқұмның туыстары мектептегі әлімжеттік сол кезден басталғанын айтады. Сөздерінше, бұдан бұрын сыныптастары ақша сұратқан, айтқанымен жүріп, дегеніне көнбесе таяқтың астына алған. Тіпті темекінің тұқылымен қолын күйдірген кездер болған.

Бірақ оның бәрін баласы ішіне жұта берген, анасына не ағасына тіс жарып айтпаған. Қайғылы оқиға болатын күні туысқан ағасына қысым көріп жатқанын айтып, көмек сұраған.

Фото: Дилара Иса

«Мектепке барады, сенің әкең жоқ деп балалар кемсітеді. Бұл – бір. Оның бәрі ішіне жиналады. Бір күні қыста жұмыстан келдім. Көңіл күйі жоқ. Маған ештеңе айтпайды. Үйге кіреді, шығады, кіреді шығады. Қорқады, айтпайды. Мен үндемедім, ертеңіне жұмысқа кетіп қалдым. Кейін сыныптасының анасынан естідім. Екі баланы мына үйдің алдындағы сарайдың төбесіне шығарып, сыныптасы темекі шеккен. Екеуін қорқытқан. Темекімен қолдарына басқан ғой. «Сен бізге ақша тауып бересің. Маған темекі әкеп бересіңдер. Менің айтқаныммен жүресіңдер» деп қорқытқан. Үйіңде не бар, ақшаң бар ма шығар деген», – дейді марқұмның анасы.

Марқұм оқушы соңғы хатында не жазды?

Марқұм оқушының әпкелері Өмірсерік 14 жасқа бір ай бұрын толғанын айтады.

«Мектеп формасын бір-ақ күн киді. Бір-ақ күн киді да қаралы хабар жетті», – дейді көз жасына ерік беріп. Марқұм өлер алдына жеке ұялы телефонының бетіне хат жазып қалдырған. 4 бірдей сыныптасының атын атап кеткен.

«Үйге келгенде ұялы телефонын көрдік. Телефон экранына: «Доссымақтар, қуаныңдар. Екінші мені көрмейсіңдер. Ером сен адамдарды шақыстырма, Нурик сен де, Диас сен де, әркімнің артынан ерме, күшік құсамай Бағлан сен адам бол. Сосын барлығың енді мені ұра алмайсыңдар» деп жазып қойыпты»,– дейді марқұмның әпкесі Ұлболсын Сұлтанбек.

Оның айтуынша, аты аталған оқушылардың ата-аналары қаралы отбасына көңіл айтып келмеген, кешірім сұрамаған.

«Әділ шешім шықсын. Бауырым бүгін өмірден өтті, ертең не болады? Қандай жағдай болады? Кім жауап береді оған? Маған бауырым «Балдардың ешқайсымен араласпаймын. Неге, өйткені бәрі мені кемсіте береді, шеттете береді» деп айтатын. Талабымыз әділ шешім шықсын. Бауырымның өліміне қатысы бар барлық адам жазасын алсын. Бауырымның соңғы хат болмағанда біз кімге, не дәлелдейтін едік?», – дейді марқұмның әпкесі.

«Мектепте баланы қинау, ақша жинау болған»

Өмірсерік Сұлтанбектің енді бір әпкесі мектеп бітіргеніне 2 жыл болған. Ол: «Мен де осы мектепте оқып шықтым. Менің кезімде де баланы қинау болған. Бір-бірінен ақша талап ету болған. Міне, қазір де тура сондай жағдайда менің інім қайтыс болып отыр», –деді.

Мектеп әкімшілігі Өмірсеріктің соңғы хатында аты аталған 4 оқушының марқұммен бірге бір сыныпта оқығанын растады. Олардың бірі – үздік оқушы, екі оқушының тәртібі – қанағаттанарлық, тағы бір оқушы мектепішілік және полицияның есебінде тұратынын жеткізді. Әйткенмен, мектеп әкімшілігі мектепте оқушылар арасындағы әлімжеттік пен ақша жинау дерегін жоққа шығарды. Тек қайғылы оқиға болған күні сыныптастар арасында түсінбеушілік болғанын растады.

«Өмірсерік өте сабырлы, мінезі тұйықтау бала еді. Сабағы қанағаттанарлық. Оның біреуге әлімжетік көрсеткенін, біреуден әлімжеттік көріп жатқанын мен көрген емеспін. Жазғы уақыттан бірімен-бірі сөйлеспей жүрген. Сол күні неге сөйлемейсің дегендей өзара сөзге келген. Мектеп балаларының алып бара жатқан көшбасшылық сотқар мінезін көрген емеспін», – деді №32 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Райхан Төлеева.

Марқұм Өмірсерік Сұлтанбектің туыстары кінәлілер жазасыз қалмаса екен деп отыр. Олар тергеу ісіне күдікпен қарайды.

Ал полиция оқушының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанынын хабарлады. Тергеп-тексеру амалдары басталды.

Сондай-ақ оқыңыз