Жанабыловтың курсын сатып алған министрлік өкілдері қызмет сапасына күмән келтірді

Жарияланды 5 Қыркүйек 2025 12:24

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
Жанәбілов қалай әрекет еткен/фото: kursiv.media

Туризм және спорт министрлігі ойын бизнесі және лотереяны реттеу комитеті өкілі сотта блогер Ерболат Жанабылов қандай әкімшілік құқықбұзушылық әрекет жасағанын айтты.

Айта кетейік, Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында блогерге қатысты іс қаралып жатыр.

Сотқа қатысқан комитет өкілінің хабарлауынша, блогер Ерболат Жанабыловқа қатысты хаттама бір азаматтың шағымы және қаржылық мониторинг агенттігі ұсынған құжат негізінде толтырылған. Бұған дейін 21 тамыз – 2 қыркүйек аралығында Жанәбіловтің әрекетіне қатысты eOtinish платформасы арқылы сегіз шағым түскені айтылды.

«2025 жылдың 21 тамызында ойын бизнесі және лотереяны реттеу комитетіне азаматтан арыз түскен. 22 тамызда қаржылық мониторинг агенттігінен Instagram әлеуметтік желісінде @zhanabylov_e және @elt6i аккаунты арқылы заңсыз лотерея қызметін ұйымдастыру фактісі бойынша хабарлама келіп түсті. Комитет зерттеу барысында Ерболат Жанабыловқа тиесілі @zhanabylov_e аккаунты арқылы күн сайын қатысушыларға қаражат, 10 автокөлік және басқа да бағалы сыйлықтар ойнатқаны анықталды», – деді комитет өкілі.

Ал заңға сәйкес, лотереяны лотерея операторы ретінде тіркелмеген тұлғаның өткізуіне тыйым салынады. Сондай-ақ лотерея билеттерін лотерея операторының агенті ретінде тіркелмеген адам тарата алмайды.

Қазақстандағы лотерея өткізуге құқығы бар жалғыз оператор – «Сәтті жұлдыз» АҚ. Комитет компанияға сұрау жіберіп, Жанәбіловтің агент тізімінде бар-жоғын нақтылаған. Алайда «Сәтті жұлдыз» блогердің агент емес екенін мәлімдеп, мұндай әрекеті үшін жауапқа тартуды сұраған.

Блогердің курсын сатып алған

Комитет өкілдері тексеріс жүргізу үшін блогер ұсынған курсты да сатып алған. Алайда оның сапасы сын көтермейтінін айтады.

«Курсты сатып алдық. Бастапқыда маркетплейстер бойынша білім алуға болатыны айтылған. Алайда тек «Таобао» бойынша ақпарат берілді», – дейді комитет өкілдері.

Олардың пікірінше, блогер ұсынған курстың бағасы да жоғары көрсетілген.

«Жанабылов Kaspi-дегі өзінің жеке шотынан ақша таратқан. Kaspi Gold арқылы есеп айырысуды жеке тұлғалар жүргізеді. Ал корпоративтік шоттан төлем Kaspi Pay сервисі арқылы жүзеге асырылады. Жанабылов пен «Zhana Бизнес» ЖШС арасында келісімшарт болмаған. Осыған байланысты комитет Жанабыловтың ұтыс ойындарын жарнамалауға заңды негізі болмаған деп санайды», – деді комитет өкілі.

Даудың басы

18-21 тамыз аралығында Instagram-да @Zhanabylov_e және @elt6i аккаунты арқылы танымал блогерлер 10 автокөлік ойнататынын жариялады. Алайда тікелей эфирдің орнына қолданушыларға Zhana Business атты ақылы оқу курсының сілтемесі ұсынылған. Курс құны – 30 мың теңге. Ұтысқа қатысу үшін осы курсты сатып алу қажет болған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде бұл сынға ұшырап, мемлекеттік органдарға шағым түсті.

Содан кейін туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов тексеріс жүргізіліп, материалдар сотқа жолданғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз