Жаңалықтар

Үкімет әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру арқылы 290 млрд теңгені үнемдеген

Үкімет әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру арқылы 290 млрд теңгені үнемдемек
Үкімет әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру арқылы 290 млрд теңгені үнемдеген / фото: shutterstock

Премьер-министр Олжас Бектенов цифрландыру мен әлеуметтік қолдау жүйесіндегі процестерді оңтайландыру тиімсіз шығындарды айтарлықтай қысқартқанын мәлім етті.

Үкімет басшысының сөзінше, Еңбек министрлігі әлеуметтік шығындар бойынша мемлекетке түсетін жүктемені оңтайландыруға бағытталған жұмыстарды белсенді түрде жүргізіп жатыр. Мұндағы мәселе мұқтаждар санатына жатпайтын адамдарды әлеуметтік қолдау жүйесінен шығаруды көздейді.

Қазір біз Цифрлық отбасы картасының көмегімен Қазақстан халқын 6 санатқа бөлдік. Алтыншы санатқа – үйі, автокөлігі, жұмысы бар, бірақ соған қарамастан мемлекеттен әлеуметтік төлемдер алып отырған адамдар жатады», – деп атап өтті премьер-министр AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында

Оның сөзінше, қазіргі уақытта скорингтік жүйені енгізу бойынша пилоттық жоба Қарағанды мен Шымкент қалаларында жүзеге асырылып жатыр. Кейін ол барлық өңірде қолданылмақ.

«Осы жұмыстың нәтижесінде 2024 және 2025 жылдары біз 280 млрд теңгеден астам – шамамен 290 млрд теңгені үнемдей алдық. Бұл негізінен жергілікті бюджеттердің қаражаты. Келесі жылы, біздің есебімізше, тағы кемінде 165 млрд теңгені үнемдей аламыз. Яғни, бұл біз басым бағыттарға бағыттай алатын айтарлықтай үлкен қаражат. Сіздер білесіздер деп ойлаймын, кей өңірлерде берілген есеп бойынша бір бала бір күнде 10 үйірмеге қатысқан деген деректер болды. Мұндай мысалдар бар. Мұның бәрі жалған көрсеткіштер. Қазір біз осы салада тәртіп орнатып жатқандықтан, осындай үнемдеуге қол жеткізіп отырмыз», – деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін, зейнетақы мен жәрдемақы төлеу тәртібі қатаңдауы мүмкін екенін жазғанбыз. Бұл әсіресе елде тұрақты тіркеуі жоқ адамдарға қатысты болмақ. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда енді отбасының табысымен қатар, шығыстары, несиелері, депозиттері және мүлкі де ескерілетін болады.