Бұрын кинотеатр болған «Целинный» замануи мәдениет орталығы ретінде қайта ашылды

Жарияланды 5 Қыркүйек 2025 17:58

Даниил Девяткин

Даниил Девяткин

Меліс Сейдахметов

Меліс Сейдахметов

General news бөлімінің тілшісі m.seidakhmetov@kursiv.media
Целинный
Бұрын кинотеатр болған «Целинный» замануи мәдениет орталығы ретінде қайта ашылды / фото: Делия Айдаралиева

Ұзаққа созылған жаңғырту жұмыстарынан кейін бұрынғы «Целинный» кинотеатры заманауи мәдениет орталығына айналып, келушілерді қабылдауға дайын. Kursiv LifeStyle Алматының жаңа көрнекті орны қалай жаңа кейіпке енгенін көрсетті.

Алдымен көзге түсетіні – негізгі кіреберістегі шымылдық пішінінде жасалған жаңартылған қасбеті. Ал қапталдарында көне петроглифтердің көшірмелері бейнеленген.

Целинный
Фото: Делия Айдаралиева

Ғимараттың бірінші қабаты бірнеше секцияға бөлінген. «Орта-1» залында кіреберіс, вестибюль мен кітапхана орналасқан. Мұнда концерттер, көрмелер және басқа да шаралар өтеді.

Целинный
Фото: Делия Айдаралиева

«Орта-1» қабырғасында бұрын «Целинныйды» безендірген Евгений Сидоркиннің сграффитосы сақталған. Бұрынғы қайта жөндеулер кезінде ол қатты бүлінген еді. Орталық өкілдерінің айтуынша, бұл ерекше жұмысты құрылысшылардың «жалқаулығы ғана құтқарған»: олар суретті қиратып тастамай, жай ғана гипсокартонмен жауып қойған. Кейін туындыны ескі қабырғадан кесіп алып, жаңа құрылымға көшірген.

Сграффито Евгения Сидоркина
Фото: Делия Айдаралиева

Басты зал – «Орта-3» күшейтіліп, бағанасы мен төбесі нығайтылып, көпфункциялы кеңістікке айналды. Бұрынғы көлемі 1500 шаршы метрлік үлкен кинозалда енді көрмелер өтеді. Олардың кестесі 2027 жылға дейін жасалып қойылған.

Фото: Делия Айдаралиева

Залдың ортасына қазақстандық суретші Гүлнұр Мұқажанованың BARSAKELMES атты пәнаралық перформанс аясындағы ауқымды инсталляциясы орнатылған.

Целинный
Фото: Делия Айдаралиева

Орталықта NAAW бюросы жобалаған кафе ашылған. Интерьерінде қазақ дәстүрінен алынған элементтер қолданылған: киізден жасалған бөлгіш, «Aq Objects» брендінің «Айшық» оюы түріндегі диван, сондай-ақ Евгений Сидоркиннің сграффитосының бір бөлігі сақталған.

Фото: Делия Айдаралиева

«Ателье» білім беру алаңында Асель Рашидова кураторлығымен «Документация: Орталық Азия қиялы қазіргі заманғы өнер картасында» атты көрме ашылған. Ол «Целинный» архивіне негізделіп, 1990–2000 жылдардағы өңірдің заманауи өнерінің дамуы туралы баяндайды. Қазір келушілерге орталықтың тек бірінші қабаты ғана қолжетімді.

Фото: Делия Айдаралиева

Аңызға айналған «Целинный» кинотеатры 1964 жылы салынғанда Қазақстандағы ең үлкен кинотеатр болған. Уақыт өте келе ол алматылықтардың сүйікті орнына айналды. Әр жылдары кинотеатр бірнеше рет қайта жөнделген. 2016 жылы оны кәсіпкер Қайрат Боранбаев сатып алған. 2019 жылдан бастап реконструкцияны британдық сәулетші Асиф Хан қолға алған еді. Алайда Боранбаевқа қатысты сот істеріне байланысты құрылыс бірнеше рет тоқтап, тек 2023 жылы қайта жанданды.

Бұған дейін орталықты 2025 жылғы мамыр айында ашу жоспарланған. Кейін күрделі құрылыс барысындағы қосымша құрылыс және техникалық шешімдерге байланысты қауіпсіздік пен сапаға қатысты бірқатар міндетті жұмыстар пайда болып, ашылуын күзге шегерген.

Сондай-ақ оқыңыз