
2026 жылдың көктемінде әлем боксы тарихындағы ең ірі оқиғалардың бірі өтпек. Ауыр салмақтағы аңыз чемпион Майк Тайсон мен жеңілмеген рекорд иесі Флойд Мэйвезер ресми түрде рингке шығуға келісті.
Жекпе-жекті CSI SPORTS™/FIGHT SPORTS® ұйымдастырады. Оқиғаның нақты күні мен өтетін орны кейін жарияланбақ.
Шоу жасау мақсатында жасалып отырған жекпе-жек туралы алғаш ұсыныс жасалғанда Майк Тайсон таң қалғанын жасырмаған.
«CSI маған Флойд Мэйвезермен рингке шығу туралы оймен келгенде, «мұндай ешқашан болмайды» деп ойлағанмын. Бірақ Флойд келісті. Әлі күнге дейін сенгім келмейді. Бұл оның денсаулығына қауіпті болуы мүмкін, бірақ ол бұған бел буып отыр. Яғни бәрі ресми – жекпе-жек өтеді», – деді Тайсон.
Ал Мэйвезер болса, өзіне сенімді.
«Мен мұны 30 жылдан бері істеп келемін, менің мұрамды көлеңкеде қалдыра алған бірде-бір боксшы болған жоқ. Егер мен бір нәрсеге кіріссем, ол міндетті түрде үлкен әрі аңызға айналарлықтай ауқымда болады. Мен – бокс бизнесіндегі ең үздігімін. Бұл кездесу жанкүйерлерге қалағанын сыйлайды», – деді ол.
Майк Тайсон – 50 жеңістің 44-ін нокаутпен аяқтап, ауыр салмақтағы ең жас чемпион атанған боксшы. Ал Флойд Мэйвезер – кәсіпқой рингте 50 рет жеңіске жеткен спорт тарихындағы ең табысты спортшылардың бірі.
Алайда олардың жасы мен салмағындағы алшақтық үлкен. Майк Тайсон бүгінде 59 жаста, ал Мейвезер 48-де. Тайсон 90 келіден жоғары салмақта жұдырықтасса, Мейвезер 67 келіде өнер көрсеткен.
Кәсіби карьерасын аяқтаған қос боксшы да бұған дейін шоуға негізделген бір-бір кездесуден өткізіп үлгерген. Майк Тайсон былтыр өзінен 31 жас кіші блогермен шаршы алаңға шығып жеңіліп қалса, Флойд Мейвезер 2017 жылы UFC жұлдызы Конор Макгрегордан басым түскен.
Ұйымдастырушылар бұл мега-жекпе-жек трансляция мен табыс жағынан барлық рекордтарды жаңартатынына сенімді.