Қытай Ақтөбеде зауыт салып, Атыраудағы құбыр құрылысын қаржыландырады

Президент Қ.Тоқаев мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған жиында қытайлық серіктестермен бірге жасалатын мұнай-газ саласында жобалар туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың түрлі саласына шетел инвестициясын тарту жұмысына ерекше назар аударып отырғанын жеткізіп, жақында өткен Қытайға сапарын атап өтті.
«Бұл сапар шын мәнінде өте жемісті болды. Екі елдің арасындағы стратегиялық серіктестікке мықты әрі тың серпін берді. Екіжақты келіссөздердің күн тәртібі ауқымды және ең бастысы Қазақстанның ұлттық мүдделеріне, ең алдымен, экономика саласындағы мүдделеріне тікелей байланысты болды. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен әңгімелесу кезінде мәңгілік достық пен стратегиялық серіктестік рухындағы жан-жақты ынтымақтастыққа ерекше мән берілді», – деді ол.
Президент қазақ-қытай іскерлік кеңесінің кезекті отырысының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 15 миллиард доллар болатын жетпістен астам коммерциялық құжатқа қол қойылғанын айтты.
«Оның ішінде Ақтөбе облысында карбамид шығаратын газ-химия кешенінің құрылысы жөнінде СNPC компаниясымен жасалған келісімді ерекше атап өткім келеді. Жоба құны 1 миллиард доллардан асады. Атырау облысында этан және пропан тасымалдауға арналған магистральді құбыр құрылысын қаржыландыру бойынша Қытай даму банкімен жасалған уағдаластықтың да маңызы зор. Келісімнің жалпы сомасы – 530 миллион долларға жуық», – деді Қ.Тоқаев.
Президент мемлекет халықаралық инвесторлармен ықпалдастықты тереңдетуге әрдайым баса мән беретінін жеткізіп, мұнай-газ саласында америкалық, ресейлік, еуропалық және қытайлық корпорациялармен көп жылдар бойы жалғасып келе жатқан серіктестік – соның айқын дәлелі екенін айтты.
Бұған дейін, президенттің Қытайға сапары аясында қол қойылған келісімшарттар энергетика, цифрландыру, құрылыс, металлургия, телекоммуникация, көлік және логистика салаларын қамтитынын жазғанбыз.