Ипотека нарығының мемлекеттік қолдауға тәуелділігі артып барады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Алматы жастары ипотекалық бағдарламасының нәтижесі шықты
Ипотека тек мембағдарламалар есебінен өскен/ Фото: Shuttertsock

2025 жылдың 6 айында ипотекалық нарық қайта жанданып, өсім көрсетті. Жаңа берілген қарыздар көлемі 1 трлн теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 24,9%-ға артты. Бірақ бұл өсімге негізінен жеңілдетілген бағдарламалар себеп болған. Негізгі үлес Отбасы Банкке тиесілі, Соның салдарынан екінші деңгейлі банктердің ипотекадағы үлесі қысқарып келеді. Бұл туралы Қаржыгерлер қауымдастығының шолуына жазылған.

Отбасы банктің рөлі

Ипотекалық нарықтағы бүкіл өсімді Отбасы банк қамтамасыз етті. Бұл банк берген қарыз жарты жылда 48%-ға өсіп, 690,2 млрд теңгені құрады. Бұл мемлекеттік бағдарламалардың артуы, салымшылардың көбеюі және халықтың арзан ипотекаға сұранысының артуымен байланысты.

Осыған орай, Отбасы банктің үлесі 69%-ға жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 58% болған. Ал екінші деңгейлі банктердің үлесі 31%-ға дейін төмендеді (бір жыл бұрынғы көрсеткіш– 42%).

Ипотека пайызы төмендеген

Жеңілдетілген ипотекалардың басымдығы пайыз мөлшерлемелерді төмендетті. Жаңа қарыз орта есеппен 9,4% ставкамен берілді. Бұл базалық мөлшерлемеден (16,5%) және басқа несиелердің орташа ставкасынан (19,5%) айтарлықтай төмен. Яғни, ипотека қазір теріс нақты ставкамен беріліп отыр.

Сонымен бірге сарапшылар халықтың табысы өскенін де жазады. Жалақы 11,3%-ға көтерілді. Нәтижесінде ай сайынғы ипотекалық төлемнің жалақыға шаққандағы үлесі азайды. Ол 35,4%-дан 32,7%-ға дейін түсті. Ал орташа қарыз көлемі ₸11,4 млн-ға жетті.

Жылжымайтын мүлік нарығы

Жарты жылда баспана бағасы да қымбаттады. Бастапқы нарықта – 9,6%, ал екінші нарықта – 7,3%. Бұл қарыз көлемінің өсуіне және ірі қалаларда сұраныстың артуына ықпал етті.

Сатып алу-сату мәмілелері көбейді. Олардың саны 191,8 мың болып, өткен жылға қарағанда 4,3%-ға артты. Бұған БЖЗҚ-дан алынған қаражат көп әсер етті. Ол ₸782,9 млрд болып, бір жылда 71%-ға өсті.

Алайда ипотека бойынша жасалған мәмілелердің үлесі азайды. Өткен жылы ол 84% болса, биыл 66%-ға түсті. Халықтың бір бөлігі ипотека алмай, өз жинақтары мен зейнетақы аударымдарын пайдаланып үй алғанды жөн көрді.

Сарапшыдар үшінші тоқсанда ипотекаға сұраныс аздап төмендейді деп болжайды. Кейбір банктердің мөлшерлемені көтеруі де ықпал етеді.
Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап алғашқы тұрғын үйге қосылған құн салығы енгізіледі. Бұл бастапқы нарықтағы бағаны қымбаттатады.

Ал қайталама нарықтағы сұраныс артып, қолжетімділік төмендеуі мүмкін. 2025 жылғы 1 қарашадан бастап жиынтық сыйақы мөлшерлемесінің төмендеуі де әсер етеді. Бұл екінші деңгейлі банктердің ипотекалық өнімін қысқартып, нарықты мемлекеттік бағдарламаларға тәуелді ете түседі.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ипотека алғанда мемлекеттік бағдарламаларға қатысуды ұсынған.

Сондай-ақ оқыңыз