
Қазақстандағы мұнай және газ саласындағы ықпалды кәсіпкерлердің бірі – Мұрат Сафинге тиесілі «Бозашы Мұнай» компаниясының таза пайдасы 2024 жылы күрт төмендеді. Қаржылық есепке сәйкес, бір жылдағы көрсеткіш 2,9 млрд теңгені құрады.
Бұл 2023 жылғы 18,5 млрд теңгемен салыстырғанда 6,4 есеге аз. Компания кірісі де 66,4 млрд теңгеден 58,8 млрд теңгеге дейін қысқарған. Ал өнім өткізу шығындары 11,3 млрд теңгеден 14,8 млрд теңгеге өсті.
Компания қызметіне байланысты құқықтық мәселелер де тіркелді. 2023 жылы Қаратұрғын Шығыс кен орнында бірнеше айға созылған өрт болды. Соның нәтижесінде мемлекеттік инспекция сотқа талап қойған. 2024 жылы тараптар медиативтік келісімге келді. Соған сәйкес, компания 2025 жылдың соңына дейін 2,3 млрд теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Жыл соңында берешек 2 млрд теңгені құрады.
Компания Маңғыстау облысындағы Қаратұрғын Шығыс және Қаратұрғын Теңіз кен орындарын игеруге 2001 жылы 25 жылдық келісімшарт алған. Иесі Мұрат Сафин 2013 жылы Forbes тізімінде Қазақстанның ең бай азаматтарының қатарында болды, оның байлығы $82 млн деп бағаланған.
2024 жылы «Бозашы Мұнай» серіктес компанияларға да қаржылық қолдау көрсетті. «Аққұм LTD KZ»-ке 3,1 млрд теңге қарыз берілді, жыл соңында берешек 3,8 млрд теңгеге жетті. «Атыраумұнайгазгеологияның» қарызы 5 млрд теңге болды.
Сонымен қатар, 2024 жылы компания сақтандыру нарығына шықты. «Трансойл» компаниясының 10,79% акциясын 344,2 млн теңгеге сатып алып, 2025 жылдың маусымында үлесін 24,02%-ға дейін ұлғайтты. Қалған 74,98% акциясы Сафиннің қызы Мадина Сафинаға тиесілі.
2025 жылдың ақпанында мұнай компанясы Нұрбанктен 25,4 млрд теңге қарыз алып, «Евроинвест Секьюритиз Лимитед» алдындағы 20,9 млрд теңге міндеттемесін қайта қаржыландырды.